НҰР-СҰЛТАН, 2 шілде – Sputnik. Өзбекстандағы Қарақалпақстан автономды республикасының астанасы Нүкісте жұма күні митинг өтті. Халықтың наразылығына Конституцияға енгізілетін түзетулер себеп болған, деп хабарлайды Өзбекстан ІІМ ақпарат қызметі.
"Бірінші шілде күні шамамен 15.00-ден бастап Қарақалпақстанның кейбір азаматтары республикада өтетін конституциялық реформаларды дұрыс түсінбегендіктен, Нүкіс қаласында заңсыз шеруге шыққан. Артынша орталық диқан базары аумағына жиналып, заңсыз демонстрация ұйымдастырған", - делінген ІІМ хабарламасында.
Ведомство мәліметінше, қоғамдық тәртіпті бұзуға жол бермеу және түрлі құқықбұзушылықтың алдын алу үшін құқық қорғау органдарының күштері мен құралдары жұмылдырылды.
"Қазіргі таңда қоғамдық тәртіп қалпына келтірілді. Азаматтармен түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр, сондай-ақ бекітілген тәртіпте азаматтардың өтініштері қаралуда", - деді ІІМ.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев өткен аптада Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша жалпыхалықтық референдум өткізуді ұсынды. Бұған дейін мемлекет басшысы негізгі заңды 2022 жылғы желтоқсанға қарай жаңарту бастамасын көтерген еді. Мамыр айының соңында парламент түзетулер әзірлеу жөнінде конституциялық комиссия құрды. Маусымның аяғында түзетулер туралы конституциялық заң жобасы заң шығару палатасының қарауына енгізілді. Кейінірек ол бірінші оқылымда мақұлданып, жалпыхалықтық талқылау үшін жарияланды.
Парламент шешіміне сәйкес, жобаны жалпыхалықтық талқылау 4 шілдеге дейін жалғасады. Кейін заң жобасы референдумға шығарылады. Заң жобасында Конституцияның 64 бабына 200-ден астам өзгеріс енгізу көзделген. Олардың арасында – Өзбекстан президенті өкілеттігінің мерзімін бес жылдан жеті жылға дейін ұзарту, өлім жазасына тыйым салу, ел азаматын шет мемлекетке беруге тыйым салу бар. 1992 жылы қабылданған қолданыстағы Конституция 128 баптан тұрады. Осы уақыт аралығында елдің негізгі заңына 15 рет түзету енгізілді.
Қарақалпақстан – Өзбекстан құрамындағы автономды республика. Ол елдің шығыс бөлігінде орналасқан және аумақтың 40%-ін алады. Республикада екі ресми тіл – өзбек және қарақалпақ.
Конституцияның жаңа нұсқасына сәйкес, одан Қарақалпақстан Өзбекстан Республикасы құрамына кіретін егеменді республика және ол Қарақалпақстан халқының референдумы негізінде Өзбекстан құрамынан шыға алады деген бапты алып тастау ұсынылып отыр.