Күз-қыс мезгілінде дәрігерлер көбірек витамин ішуге кеңес береді. Себебі күн, табиғи өнімдер және балғын жеміс-жидек қоры аз. Ал жаз – көптеген қоректік дәрумені бар жемістер, көкөністер мен жидектерден табиғи дәрумен алатын маусым. Біздің ағзамыз тек D дәруменінің өзін көп мөлшерде алады. Осы орайда жаз мезгілінде қосымша дәрумен қабылдау қажет пе? Бұл сұраққа Sputnik Қазақстан тілшісіне дәрігер-нутрициолог Салтанат Даниярқызы жауап берді.
D дәрумені
Адамдар D дәруменін күн сәулесінің ағзаға әсер етуінен алады. Осыған байланысты көпшілік жаз мезгілінде D дәруменін қосымша пайдаланып керегі жоқ деген пікірде. Десе де, бұл – қате пікір. Бұл дәруменді физиологиялық мөлшерде синтездеу үшін адам аптасына кемінде екі рет шамамен 10:00-ден 15:00-ге дейін күн астында болуы керек. Дегенмен, барлығының жұмыс кестесі бұған сәйкес келмейді.
Тағы бір ескеретіні: теріңіз күнге күйген кезде, D дәруменін синтездеу процесі төмендейді.
Сіз D дәруменін қолжетімді өнімдер санатынан таба аласыз: лосось, балық майы, майшабақ, қаймақ, жұмыртқаның сарысы, ірімшік, сиыр еті. 100 г үшін ең көп бірлік лосось пен балық майына шамамен 600-1000 ME келеді.
D дәруменін дұрыс деңгейде ағзада ұстау тек суық мезгілде ғана емес, үнемі қажет. Ересектер үшін профилактикалық доза — тәулігіне 1000-2000 бірлік, ал балалар үшін – 600 бірлік. Жетіспеушілік кезінде ағзадағы фосфор мен кальций алмасуы бұзылуы мүмкін, сонымен қатар D дәрумені иммундық, жүрек-тамыр және бұлшықет жүйесіне әсер етеді. Одан бөлек тірек-қимыл жүйесі үшін маңызды.
С дәрумені
Адам ағзасының С дәруменін көп мөлшерде жинауға мүмкіндігі жоқ. Сондықтан күнделікті рационға қымыздық, шпинат, итмұрын, киви, қоңыр бұрыш, қызанақ, баклажан, гуава, алма, апельсин, помело, шабдалы, өрік сынды С дәруменіне бай тағамдарды қосу керек.
С витаминінің тепе-теңдігін сақтау үшін бірнеше қарапайым ережені есте ұстау қажет. Біріншіден, теңдестірілген тамақтану. Екіншіден, жемістер мен көкөністерді жеу. Сонымен қатар термо өңдеуден кейін С дәрумені ыдырайтынын есте ұстаған жөн, сондықтан көкөністер мен жемістерді шикі түрінде пайдаланған дұрыс.
Дәрігердің кеңесінсіз С витаминін дәрі-дәрмек түрінде қабылдауға болмайды. Бақылаусыз қабылдаудың салдары қайғылы болуы мүмкін. Соның ішінде уролития, аллергиялық реакциялар, іштің ауыруына ұшырау қаупі бар.
Таза аскорбин қышқылынан басқа, С дәруменінің басқа түрлері бар. Мысалы, натрий аскорбаты, кальций аскорбаты, липосомалық С дәрумені, витаминді жақсы сіңіруге көмектесетін май қышқылдары бар. Жүргізілген зерттеулер С дәруменінің қай түрі ағзаға жақсы сіңеді деген сұраққа нақты жауап бермейді. Бірақ таза аскорбин қышқылының негізгі жетіспеушілігі дәл анықталды.
Жазда С витаминінің деңгейін бақылау қажет. Өйткені бұл теріні сыртқы агрессивті әсерлерден қорғайтын заттардың өндірісін ынталандыруға көмектеседі.
Е дәрумені
Бұл витаминнің негізгі пайдасы – дене жасушаларын қартаюдан қорғау, қабыну процестерін азайту, бас терісінің қан айналымын жақсарту, бұл өз кезегінде шаштың түсуіне жол бермейді және сынғыш, әлсіреген шашты нығайтады.
Жазда Е дәрумені бізге өте қажет, өйткені тері мен шаш ультракүлгін сәулелердің әсеріне ұшырайды. Жағажайдағы демалыс біз үшін күн сәулесіне күю, теңізде немесе бассейнде шомылумен байланысты. Тері үшін бұл стресс. Е дәруменіне бай тағамдарды диетаға енгізу, әрине, ағзаға профилактикалық әсер етеді, бірақ Е дәрумені негізіндегі косметиканы да қолданған жөн.
С дәрумені сияқты, дәрі-дәрмек түрінде Е дәруменін өздігінен қабылдау қауіпті. Расталған жетіспеушілік немесе сирек генетикалық ауытқулар болған жағдайда ғана қажет. Сонда да, қолдану мөлшері мен формасын емдеуші дәрігер анықтайды.
А дәрумені
А дәрумені немесе ретинол безеуді, қабынуды емдеуде тиімді, терінің жұмсақтығына жауап береді және әжімнің ерте пайда болуынан қорғайды. Неліктен бұл дәрумен жазда қажет?
А дәрумені коллаген өндірісін ынталандыру процесіне, эпидермис жасушаларын өндіруге және жаңартуға қатысады, теріні ылғалдандырады. Жазда бұл күннен қорғайтын кремдерді жиі қолдану, терінің құрғауы мен қабыршақтануының пайда болуына байланысты маңызды.
А дәруменіне бай тағамдарды (сәбіз, асқабақ, лосось, бауыр, тәтті картоп, шпинат, брокколи) үнемі тұтынатындар оның тапшылығына тап болмайды. Сіз қан анализін тапсыру арқылы оның деңгейін тексере аласыз.
А дәруменіне қажеттілік каротиноидтарды А дәруменінің белсенді түріне айналдыруға қатысатын ферменттің дұрыс жұмыс істеуіне байланысты. Егер процесс дұрыс жүрсе, тағамнан алынған витаминнің мөлшері жеткілікті болады, бірақ егер бұзылулар болса, синтез жылдамдығы төмендейді. Бұл жағдайда анализдерден өту керек.