Ақтөбе облысында 20 мың гектар жайылым жер мемлекетке қайтарылды

Sputnik
АЛМАТЫ, 2 шілде – Sputnik. Ақтөбе облысында 20 мың гектардан астам жайылым жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл туралы Аманат партиясы комиссиясының Қобда ауданына өткен көшпелі отырысында белгілі болды, деп хабарлады "Хабар 24".
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметі бойынша өңірдегі барлық жайылымның жалпы көлемі 25 млн гектарға жетеді. Олардың көпшілігі шалғай аудандарда орналасқан, ал жер учаскелері негізінен елді мекендердің айналасында тапшы.
"Ақтөбе облысының Қобда ауданында екі мың гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Соңғы бірнеше ай ішінде "Жер Аманаты" комиссиясының күшімен Қарағанды, Жамбыл және Түркістан облыстарындағы 140 мың гектардан астам жайылымдық жер мемлекет меншігіне қайтарылды", – деді Amanat партиясының хатшысы Дәулет Кәрібек.
Қазір өңірдің жеке қосалқы шаруашылықтарында 300 мыңнан астам мал басы бар. Оған әлі 150 мың гектар жер керек. Бұл мәселе әсіресе Алға, Мәртөк, Темір аудандарында және Ақтөбенің өзінде шешімін таппай тұр. Ал облыс бойынша екі жүз тиімсіз жер пайдаланушылардың тізімі жасалды.