НҰР-СҰЛТАН, 1 шілде - Sputnik. Шығыс Қазақстанда аюлардың мал мен омартаға шабуылы жиілеп кетті, деп хабарлайды "Хабар 24".
Маусым айында Топиха тұрғындарына барған, Степное ауылындағы омарталарды 4 рет талқандаған. Сарапшылар шамамен бір жасар аталығы екенін анықтады.
Аюлар әлемінде аумақ қатаң бөлінген. Сондықтан жас аюлар өз учаскелерін іздеуге мәжбүр. Олар оңай пайда іздеп, малға шабуыл жасайды немесе омартадан бал ұрлайды.
Бір рет үйреніп алған соң аюлардан құтылу қиын. Сондықтан зардап шеккен Шығыс Қазақстан тұрғындары мүлкі үшін ғана емес, өз қауіпсіздігі үшін де алаңдайды.
Өскемендегі орман шаруашылығының аңшысы Сергей Осинцевтің айтуынша, аюды өлтіргені үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
"Қазіргі уақытта омарташылар мен тұрғындар қорғансыз. Яғни, олар өз мүлкін қорғап, аюды, басқа жануарды өлтіруге құқылы емес", - дейді аңшы.
Өскемен орманшылығында мәселе жануарлар адам жеріне кіргендіктен емес, жыл сайын адамдардың өздері жабайы табиғат аумағына көбірек басып кіретіндіктен туындайды деп мәлімдеді.