Экономика

Зейнет жасын төмендету мәселесі қаржы министрімен енді талқыланады – Дүйсенова

Бұған дейін вице-премьер – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев зейнет жасын төмендету мәселесі үкіметте талқыланып жатқан жоқ деп мәлімдеген еді
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 30 маусым – Sputnik. Зейнет жасын төмендету мәселесі қаржы министрімен екінші кезеңде талқыланады. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
16 маусымда еңбек министрі Тамара Дүйсенова зейнет жасын төмендету мәселесі үкіметтің қаржы блогымен қарастырылып жатқанын мәлімдеді. Бірақ 28 маусымда үкімет кулуарында вице-премьер – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев журналистерге бұдан бейхабар екенін айтты. Бүгін БАҚ өкілдері Тамара Дүйсеновадан "қай министр өтірік айтып жатқанын" сұрады.
"Ешкім өтірік айтқан жоқ. Бюджеттік процесті білесіздер ғой. Қаржы министрлігі және экономика министрлігі бірлескен жұмыс тобы бар. Жұмыс тобы бірінші кезеңнен өтті. Енді екінші кезеңде министрлердің алдына шығуымыз керек. Содан кейін барып республикалық бюджет комиссиясының алдына барамыз. Оның үстіне Ерұлан Жамаубаев қаржы министрі ғана емес, вице-премьер ғой. Сондықтан біз министрлердің алдына әлі жеткен жоқпыз", - деп жауап берді Дүйсенова парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейін.
Айтуынша, жұмыс тобында вице-министрлер жұмыс істеп жатыр.
"Кейінгі топта мен өзім шығып, бұл мәселе министрлер деңгейінде талқыланады. Сондықтан қазір жұмыс тобында барлық министрлік өкілдері жұмыс істеп жатыр. Ал қаржы министрінің оны білу-білмеуінен менің хабарым жоқ", - деді Дүйсенова.
Қоғам
Қай министр қателеседі - Тоғжанов зейнет жасын төмендету мәселесін түсіндірді