Өңірлер

Қарағандыда таксист жас келіншекті қала сыртына алып кетті

Жүргізуші күш қолданып қорқытып, қаладан алысқа ұзай берген
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 29 маусым — Sputnik. Қарағандыда таксист жолаушы келіншекті қала сыртына алып кетті.
Әйел таксиді кешкі сағат он шамасында шақырған. Жүргізуші оны Павлодар тасжолына шығарып, белгісіз бағытта жол тартқан. Күш пайдаланып қорқытып, таксист қаладан алысқа ұзай берген. Қараңғы болған, әйел қатты жылдамдықпен келе жатқан көліктен секіре алмаған. Бірақ ол телефон арқылы дабыл сигналын жіберіп үлгерді, деп хабарлайды Ekaraganda.kz.
Ақпарат патрульдік полиция полкінің инспекторлары Айдар Мұсабеков пен Талғат Қамалбековтың қолына түскен. Полицейлер бірден жолға шыққан.

"Олар әйелдің ұялы телефонына хабарласып, көліктің геолокациясын анықтады. Содан кейін барлық кезекші бекеттерге ақпарат берді", - деді жолаушының күйеуі.

Көлікті тоқтатып, әйелді құтқарған. Ол зардап шеккен жоқ.
"Полиция қызметкерлері такси жүргізушісін тасжолда ұстады. Ол Октябрь бөлімшесіне жеткізілді. Бұл қызметкерлерге үлкен алғысымды білдіргім келеді", - деді ер адам.
Қарағанды облысының полиция департаменті оқиғаны растады. Қазір болған жағдайдың барлық егжей-тегжейі анықталуда.
"Факт полицияда тіркелді, қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр", - деп хабарлады Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.