НҰР-СҰЛТАН, 30 маусым – Sputnik. Бас прокуратураның 1-қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов қаңтар оқиғасына қатысты қылмыстық істер бойынша күдіктілермен процессуалдық келісім жасалып жатқанын айтты.
"Күдікті тағылған айыпқа, қолда бар дәлелдерге, келтірілген залалға дауласпаған жағдайда және жазаның түрімен және мерзімімен келіссе, онымен кінәні мойындау туралы процессуалдық келісім жасалады. Сотта мұндай істер 10 күннен аспайтын мерзімде қаралады, ал жаза мерзімі осы баптағы санкцияның ең жоғары мерзімінің жартысынан аспауы керек. Бұл тәртіп сотта істерді тезірек қарауға мүмкіндік береді", - деді қадағалау органының өкілі орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында.
Осылайша, Қызылорда облысында 42 күдіктімен кінәні мойындау туралы процессуалдық келісім жасалып, іс сотқа жолданды. Сондай-ақ аталған рәсім аясында Алматы облысында – 15, Жамбыл облысында – сегіз, Ақтөбе облысында – 3 және Шығыс Қазақстан облысында үш іс сотқа жолданды.
55 адамға бас бостандығынан айыруға байланысты емес үкім шығарылды.
Жалпы қаңтар оқиғасына байланысты сотқа 392 қылмыстық іс жолданып, олар бойынша 445 адам сотталған.
Билік өкіліне күш қолданған, мүлікті жоюмен байланысты ауыр қылмыстар жасаған, келтірілген залалды өтемеген және жазасының бір бөлігін өтемеген 46 сотталушыға бас бостандығынан айыру жазасы кесілді.