Президент қаржы пирамидаларымен күресу қажеттігін мәлімдеді

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 30 маусым – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің отырысында қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл жөніндегі міндеттерге тоқталды, деп хабарлады Ақорда.
Келтірілген статистикалық деректерге сәйкес мұндай ұйымдар биылғы бес айдың ішінде 17 мыңнан астам үлескердің құны 27 миллиард теңгеден асатын дүние-мүлкін иеленіп алған.
"Қаржы секторы тұжырымдамасының аясында қаржы пирамидасының белгісі бар ұйымдарды алдын ала анықтауға, жедел әрекет етуге, азаматтардың қаржы алаяқтары туралы хабарлау мәселесін күшейтуге бағытталған шаралар қамтылуы қажет", – деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканың нақты секторын банктердің белсенді несиелеуі жөнінде шаралар қабылдауды келесі маңызды міндет ретінде атап өтті. Сондай-ақ осы саладағы бірқатар проблемаға назар аударып, қаржы реттеушілеріне бұл мәселеге баса мән беруді және оны нақты шешу жолдарын ұсынуды тапсырды.
Сонымен қатар мемлекет басшысы Ұлттық банктің, үкіметтің әрекет ету тетіктерін банк өтімділігінің ағынын кәсіпорындарды, әсіресе шағын және орта бизнесті қолдауға қарай бағыттау аса маңызды міндет екенін атап өтті.