НҰР-СҰЛТАН, 30 маусым – Sputnik. Алматыда коронавирус жұқтырғандар саны артып келеді. Індеттің өршуіне стелс-омикронның таралуы себеп болды, деп хабарлады қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы.
"23 маусымда референс-зертханаға коронавирус жұқтырған 74 адамның сынамасы жеткізілді, оның нәтижесі бойынша 58 (78,4%) сынама стелс-мутацияның, 16 сынама (22%) омикрон-мутацияның ықтималдығын көрсетті. Толық геномдық секвенирлік зерттеу жүргізіліп жатыр", - деп хабарлады департамент.
Қазірдің өзінде COVID-19 індетінің өршуіне вирустың стелс-омикрон түрі себеп болғаны анықталып отыр.
Маусым айының 10 - 29 күндері ковидке шалдыққан 458 адамның көпшілігі – 60% (275 адам) мүлдем вакцина алмаған, 112 (24%) адам толық вакциналаудан өткен, бірақ 6 айдан кейін ревакцинация жасамаған.
"Бұл жағдай вакцинация мен ревакцинация алмағандар стелс-омикронға шалдығып жатқанын көрсетеді", - деп түсіндірді мамандар.