НҰР-СҰЛТАН, 29 маусым – Sputnik. Мәскеуде аула сыпырушы қоқыс контейнерінен қомақты ақша тауып алды. Алайда ер адам олжаны полицияға тапсырды, деп жазды "Москва24".
Оңтүстік Медведково ауданында қызықты оқиға болды. Осы ауданда аула сыпырушы болып жұмыс істейтін Қырғызстан азаматы қоқыс жәшіктерінен металл іздеп жүріп, ақша тауып алған: мың доллар мен 80 мың рубль (1,5 мың доллар).
Ақша шұлық және жаңбыр өткізбейтін шекпен салынған шүберек пакетте болған. Оның бірінде 100 доллардан 10 купюра, 5 мың рубльдік 15 купюра, мың рубльден 5 купюра және тағы 50 рубль болған.
Қаражат иесін өз бетімен табу мүмкін болмағандықтан, ер адам полицияға хабарласқан. Аталған факті бойынша тәртіп сақшылары тексеру ұйымдастырды.
Еске сала кетейік, 2018 жылы мәскеуліктерді тағы бір жағдай таңғалдырған болатын. Ол кезде қырғызстандық такси жүргізуші Қайрат Тентимишев көлігінде ақшасы мен құжаттарын ұмытып кеткен жолаушыны үйінің жанында сегіз сағат күткен.