Петропавл қаласының атауы өзгере ме – облыс әкімі жауап берді

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 29 маусым – Sputnik. Петропавл қаласының атауын Қызылжарға ауыстыру мәселесі қаралып жатқан жоқ. Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгін орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте журналистер әкімнен облыста елді мекендердің атауын ауыстыру жұмысы қалай жүргізіліп жатқанын сұрады.
"Бұның барлығы – жоспарлы жұмыс. Бұған дейін атқарылды, алдағы уақытта да жалғаса береді. Біз соңғы жылдары 400-ден астам атауды өзгерттік. Соның ішінде көше мен елді мекендердің атаулары бар. Себебі белгілі, атаулар моральды тұрғыда ескіріп қалған", - деді Ақсақалов.
Әкім бұл бағыттағы жұмыстан саяси-идеологиялық астар іздемеуді сұрады. Себебі бұл – тарихи шындық. Елді мекендердің атаулары ғылыми зерттеулердің негізінде ауыстырылып жатыр.
"Бұл – қалыпты жағдай, тарихшылар мен өлкетанушылардың зерттеулеріне негізделген тарихи шындық. Ешқандай астар іздеудің қажеті жоқ. Қоғамдық тыңдаулар да өткізіледі. Барлығы заңға сай", - деп атап көрсетті әкім.
Осы орайда тілшілер облыс орталығы – Петропавл қаласының атауын Қызылжарға ауыстыру мәселесін нақтылауды сұрады.
"Мен бұл сұраққа бірнеше рет жауап бердім. Қазіргі кезде ондай мәселе күн тәртібінде тұрған жоқ", - дейді Ақсақалов.
Айта кетері, Петропавл атауын ауыстыру бастамасы көтерілгеніне біраз уақыт болды. 2010 жылы төменгі палатаның 13 депутаты Петропавл қаласының атауын Қызылжарға ауыстыруды ұсынды. Сол кезде қала тұрғындарының басым бөлігі қарсы шықты.
2019 жылы "Ак Жол" партиясы төрғасының орынбасары Қазбек Иса үш бірдей қаланың атауын өзгертуді ұсынды: Петропавл, Павлодар және Семей. Ал биыл сәуір айында egov.press сайтында Петропавл қаласының атауын Қызылжарға ауыстыру туралы петиция жарияланды. Оның авторы – Ерсұлтан Нұрғалиев. Оның бастамасы әлеуметтік желіде кеңінен талқыланды. Сол кезде қала әкімі Болат Жұмабеков петицияны жеке адам мемлекеттік сайтта жариялағанын, бірақ оған мемлекеттік органдардың еш қатысы жоқ екенін айтқан.