НҰР-СҰЛТАН, 28 маусым – Sputnik. Шымкент қаласында екі студент синтетикалық есірткімен ұсталды, деп хабарлады Polisia.kz порталы.
Жас жігіттер бұтаның арасында қазылған шұңқырға есірткі тығып жатқан жерінен қолға түсті. Тінту кезінде 168 бума синтетикалық есірткі салынған 6 пакет тәркіленді. Барлығын скотчпен орап тастап, жасырын жерлерге тығып жүрген.
Полиция екі студенттің жалдамалы пәтерін де тінтіп шықты. Сол жерде экстази таблеткалары салынған 52 полиэтилен пакеті, ұнтақталған мефедрон және гашиш табылды. Сондай-ақ есірткіні қаптауға арналған құрал-жабдықтар тәркіленді. Синтетиканың жалпы салмағы 300 грамнан асады.
Тергеу барысында күдіктілер есірткіні Шымкент қаласында ғана емес, Түркістан облысының аумағында да таратып жүргені анықталды.
Қазіргі кезде Қазақстан Қылмыстық кодексінің 297-бабы (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды. Бұл қылмыс үшін бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылыған.