Петропавлда уақытша ұстау изоляторында күдікті өзіне қол жұмсады

Дәмханадағы жанжалдан кейін ер адам мен оның танысы үш адамды пышақпен ауыр жарақаттады
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 28 маусым – Sputnik. Петропавлда кісі өлтіруге оқталған күдіктілердің бірі уақытша ұстау изоляторында өзіне қол жұмсады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Барлығы қаланың бірнеше тұрғыны арасындағы дәмханадағы жанжалдан және одан кейінгі пышақтасудан басталған.
"11 маусымға қараған түні полицияға Береке ауданындағы Ибраев көшесінің бойындағы аулада қаланың үш тұрғынын пышақтап кеткені туралы қоңырау түсті. Күдіктілер оқиға орнынан бой тасалаған. Жарақат алған Петропавл қаласының 29, 32 және 34 жастағы тұрғындары ауруханаға жеткізілді", - деп хабарлады агенттікке облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіндегілер.
Жедел іс-шаралар барысында күдіктілер – 35 және 43 жастағы екі ер адам анықталды және ұсталды.
Бұл факті "Адам өлтіруге оқталу" бабы бойынша қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бойынша Сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде тіркелді. Алдын ала тергеу барысында ер адамдар арасында дәмханалардың бірінде жанжал туындағаны анықталды.
"Күдіктілердің бірі Петропавл қаласы полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторында болған кезде өз-өзіне қол жұмсады. Бұл факт Қазақстан Қылмыстық кодексінің 105-бабы (өзін-өзі өлтіруге итермелеу) бойынша Сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне енгізілді", - деп хабарлады полицейлер.