НҰР-СҰЛТАН, 28 маусым – Sputnik. Ақсу қаласында жылу тарифтерін көтеруге тура келеді. Бұл туралы Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қазіргі кезде Ақсу халқы жылу үшін бір шаршы метрге 98 теңге төлейді. Бұл тариф облыс орталығы – Павлодар қаласындағы коммуналдық ақыдан да жоғары. Облыс әкімінің айтуынша, Екібастұз және Ақсу қаласында жылу қазандықтарда өндіріледі. Электр энергияны қоса шығару жүйесі жоқ. Сол себепті жылу тарифтері қымбат.
"Ақсу ГРЭС-ы болса, жылу энергиясын өндірмейді. Ол жерде тек электр энергиясы ғана шығарылады. Ал жылу өндіретін қазандық Ақсу ферроқорытпа зауытының балансында тұр. Қазір осы қаладағы екі бөлмелі пәтерде жылудың орташа тарифі 6000-6500 теңге", - деді Сқақов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Бүгінде Ақсу қаласында жаңа қазандықтың құрылысы аяқталды. Оны іске қосу бойынша тексеріс жұмыстары басталды.
"Өкінішке қарай, құрылысқа кеткен шығынға байланысты тариф бұдан да жоғары болады. Жаңа қазандық зауыттағы қазандықты алмастырмайды. Екеуі қатар жұмыс істей береді. Тарифтің бағасын қосып, санап көрдік. Көмірге бөлінетін субсиядия және ГРЭС-та өндірілетін энергияны да алдық, бәрібір тариф жоғары шығып тұр", - деп атап көрсетті Сқақов.
Қазіргі есепке сәйкес, Ақсу қаласында жылу тарифтері тағы 1,4 есеге көтеріледі. Облыс әкімі оны 20-25 проценттен асырмауға тапсырма берді.