Павлодар ғалымдары қимақ-қыпшақ қорғандарын тапты

Қимақ-қыпшақ кезеңдеріне тиесілі тарихи ескерткіштер 9-10 ғасырларда пайда болған деген болжам бар
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 27 маусым – Sputnik. Павлодар ғалымдары облыс орталығына жақын жерден бірнеше қорған тапты. Биылғы археологиялық маусымда қорымдар қатар зерттеліп жатыр.
Мамандардың пайымдауынша, қимақ-қыпшақ қорғандары көшпенділер мәдениеті туралы ауқымды мағлұмат береді. Қорымдардың орны бір ай бұрын табылған. Сол сәттен бері қазба жұмыстары жүріп жатыр, деп хабарлады Хабар 24.
Павлодардың іргесінде қимақ-қыпшақ дәуіріне жататын қорғандар екі шақырымға созылып жатыр. Қазба жұмыстары барысында олардың басым бөлігі тоналып кеткені анықталды. Десе де, ел тарихы үшін оның құндылығы маңызды. Мамандардың айтуынша, бұған дейін дәл осы жерде жібек матасының қиындысы табылған. Яғни мұнда бай-дәулетті адамдар жерленуі мүмкін.
Қорымдар кешені Павлодар маңындағы Кенжекөл және Байдала ауылдарының маңында орналасқан. Қимақ-қыпшақ кезеңдеріне тиесілі тарихи ескерткіштер 9-10 ғасырларда пайда болған деген болжам бар.
"Көшпелілердің сәулет өнері туралы мағлұмат тым аз. Бұл олқылықтың орны осындай қорғандарды зеттеу арқылы толады. Қимақ қалаларын ұзақ жылдар бойы зерттеп келеміз. Алайда тек некропльдер табылып жатыр. Бұл көшпенділер шаһары болуы мүмкін. Бұл қорғандарды кім тұрғызды? Біз осы сауалдың жауабын іздейміз", - дейді археолог Елена Тушева.
Ғалымдардың айтуынша, қорғандардың ішінде сәулеттік нысандар болуы мүмкін. Қазба жұмыстарының екінші кезеңінде топырақтың сазды бөлігі зерттеледі. Әзірге кірпіштердің қалдықтары табылды. Көне ескеркіштер тоналса да, тарих үшін өзектілігін жоғалтпайды. Бұл іске оқушылар мен тарихшылар атсалысуда.
"Үздік оқушылар осындай экспедицияларға қатысады. Тарихи орындарда болу жобамыздың негізгі тұсы. Балалар археологтармен қатар қазба жұмыстарына қатысады. Осылайша теория мен практиканы қатар дамытамыз", - дейді Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімі Оксана Питюкова.
Қимақ кезеңіне жататын қорымдар алғаш рет өткен ғасырдың 50-жылдары ашылған. Бірақ зерттелмей қалған. Кешенді қазба жұмыстары соңғы жылдары қайта жанданды. Қорғандар республикалық трассаның бойында орналасқан. Оған қоса бұл аумақта жеке тұрғын үй құрылысы қызу жүріп жатыр. Сондықтан ғалымдар бірегей ескерткіштерді сақтап қалуды көздейді.