АЛМАТЫ, 27 маусым – Sputnik. Жыл сайын Қазақстанда мыңнан астам ақпараттық жүйе, оның ішінде мемлекеттік органдардың жүйелері хакерлік шабуылға ұшырайды. Енді қандай деректер хакерлер мен алаяқтардың қолында екенін eGov Mobile мобильдік қосымшасының көмегімен қадағалауға болады, деп хабарлады "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ақпараттық қауіпсіздік комитетімен, "Зерде" холдингі және "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ-мен бірлесіп, еліміздің азаматтарына eGov mobile қосымшасы арқылы хакерлер мен алаяқтардың қолындағы деректер туралы хабарлау бастамасы пысықталып жатыр.
EGov mobile мобильдік қосымшасындағы пайдаланушының жеке кабинетіне сайттарда оның жеке деректерін заңсыз жинау және жария ету фактілері анықталған кезде хабарлама келеді. Жоба 2022 жылдың соңында іске қосылады деп жоспарлануда.
"Барлық азамат хакерлік топтар, алаяқтар немесе бәсекелестердің жеке деректерді қандай оймен қолданатынын біле бермейді. Біздің мақсатымыз – пайдаланушыларды ықтимал жағымсыз салдардан барынша қауіпсіздендіру және қойылған міндетті бірлесіп шешу үшін eGov mobile қосымшасы арқылы олардың құпия сөздері мен деректерінің жария етілуі туралы хабардар ету және ескерту", - деді "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ басқарма төрағасы Ростислав Коняшкин.