Алматы хайуанаттар бағы екі поляр қасқырымен толықты

Sputnik
Енді Алматы хайуанаттар бағына келушілер Бита мен Баккара есімді поляр қасқырларын көре алады
Бір жас шамасындағы жануарлар адамдарға мойын бұрып қарамайды. Олар қамауда дүние келгендіктен, айналасында адамдардың жүргеніне үйреніп кеткен.
Алматы хайуанаттар бағының жаңа "тұрғындары" биылғы сәуір айының соңында Ресейден жеткізілді. Олар ұзақ уақыт бойы карантинде болып, дәрігерлер қасқырлардың денсаулығын бақылап, түрлі талдау жүргізді және олардың жаңа ортаға қаншалықты бейімделетінін анықтады.
Зообаққа келушілердің бұл жыртқыштарға қызығушылығы зор. Себебі олар біздің көзіміз үйренген қасқырлардан түсімен ерекшеленеді. Жаз уақытында поляр қасқырларының реңкі сарғылт ақ болса, қыс түскеннен кейін түлеген соң олар ұлпа қардай аппақ болады.
"Олар күніне 2-2,2 килограмм ет жейді. Күніне бір рет тамақтандырамыз. Аптасына бір рет рационға майшабақ қосылады. Біздің жергілікті қасқырларға қарағанда олар теңіз балығын сүйсіне жейді", - деді Алматы хайуанаттар бағының әкімшілігіндегілер.