НҰР-СҰЛТАН, 25 маусым – Sputnik. Сенбі күні Қазақстанның премьер-министрі Әлихан Смайылов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мәселелері бойынша кеңес өткізді.
Бұл туралы үкімет басшысының баспасөз қызметі хабарлады.
Әлихан Смайылов 15 проценттік сауда үстемесін, әсіресе үй жанындағы дүкендердегі бақылау жұмыстарын күшейту қажеттігін атап өтті.
"Бірақ үй жанындағы дүкендерде қант 700-800 теңгеден сатылады. Бұл сұранысты пайдаланып, үстеме ақы қойып отырған кейбір тұлғалардың заңсыз кәсіпкерлік қызметінің нәтижесі болып отыр. Жалпы қанттың бір килограмының орташа бағасы шамамен 480-490 теңге болуға тиіс. Мұны ретке келтіру керек", - деп тапсырды ол.
Сондай-ақ премьер-министр келесі жылы жеміс-көкөніс өнімдерін жеткізуге форвардтық келісімшарттар жасасу бойынша алдын ала жұмыс жүргізудің маңыздылығын атап өтті және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру бойынша бірқатар тапсырма берді.
Азық-түлік қаншалықты қымбаттады
Сауда министрлігінің мәліметі бойынша жыл басынан бері баға 17,1%-ке өскен. Атап айтқанда, пияз, қырыққабат, қант, картоп, сәбіз, қарақұмық бағасы қатты қымбаттаған.
Өңірлер бойынша баға Жамбыл және Маңғыстау облыстарында 18,7%-ке, Алматы облысында 18,6%-ке, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында 18,5%-ке және Шымкент қаласында 18%-ке өскен.
Сонымен қатар кеңес барысында жақын шетел нарықтарындағы азық-түлік тауарлары бағасының өсуі бойынша жағдайдың да осындай екені айтылды. Мысалы, Ресейде жыл басынан бері азық-түлік бағасы орташа шамамен 40%, Өзбекстанда 48% өскен.
Салалық комитет бөлшек сауда нысандарының рұқсат етілген үстемені 15%-тен аспайтын мөлшерде сақтау талаптары бойынша әкімдіктердің жұмысын үйлестіруді жалғастырып келеді. Соңғы апталарда рейдтік іс-шаралар үй жанындағы 42,6 мың дүкенге (84,7%) жүргізілді. Нәтижесінде 712 заң бұзушылық анықталды.
Қандай азық-түлік қоры бар
Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегі бойынша, қазіргі уақытта елімізде сиыр етін (22 292 тонна), құс етін (19 600 тонна), картопты (93 749 тонна), ұнды (118 506 тонна), сүтті (59 640 тонна) және тағы басқасын қоса алғанда, 607 мың тонна көлемінде негізгі азық-түлік қоры бар.
Қантқа келетін болсақ, республика бойынша өнімнің жалпы қоры 101,4 мың тоннаны құрайды. Биылғы маусымда ішкі тұтыну 59 мың тонна болды, яғни нарықтың қамтамасыз етілуі 171,4%.