НҰР-СҰЛТАН, 22 маусым – Sputnik. Қаңтар оқиғасы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрт департаментінің бұрынғы басшылары жауапқа тартылып жатыр. Бұл туралы ҰҚК төрағасының орынбасары Асқар Әмірханов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Мәжіліс кулуарында журналистер қаңтар оқиғасы бойынша ҰҚК-ның қанша қызметкері жауапқа тартылып жатқанын сұрады.
"ҰҚК бұрынғы төрағасы, оның орынбасарлары және облыстық департаменттерді басқарған бірнеше қызметкер, яғни тағы төрт департамент басшысы. Олар Қызылорда, Алматы облыстары және Алматы қаласының департамент басшылары және бесінші департаменттің бұрынғы басшысы. Барлығы жеті адам жауапқа тартылып жатыр", - деді Әмірханов.
Төрт департамент басшысына қатысты қандай баптар бойынша іс қозғалды деген сұраққа: "Сол баптар бойынша және әрекетсіздігі мен салғырттығы үшін", деп нақтылады Әмірханов.
Еске салсақ, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов жаппай тәртіпсіздіктерден кейін 6 қаңтарда қызметінен босатылды. 8 қаңтарда оның ұсталғаны белгілі болды. Сондай-ақ оның екі орынбасары – Әнуар Садықұлов ("А" арнайы мақсаттағы қызметінің бастығы) мен Дәулет Ерғожин ұсталды. Артынан Мәсімовтың тағы бір орынбасары Марат Өсіпов қамауға алынды.
Күдіктілерге мемлекетке опасыздық жасау және билікті күшпен басып алуға немесе Қазақстанның конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге бағытталған әрекеттерден басқа, "билікті немесе қызметтік өкілеттіктерді асыра пайдалану" бабы бойынша айып тағылып отыр.