НҰР-СҰЛТАН, 22 маусым – Sputnik. Текелі қаласында дүкен тонауға келген қарақшының ойы іске аспай қалды. Еден жуып жүрген әйел оны еден жуғышпен қуып жіберді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.
19 маусым күні қолына медициналық пышақ ұстаған ер адам бетперде тағып дүкенге баса көктеп кірген. Кассада тұрған қыздарды қорқытып, ақша талап еткен. Қарақшы сөрені теуіп, ішке қарай кірмек болған. Бірақ екі қыз оған қарсылық көрсетіп, қолға түскен заттарды лақтыра бастады.
Дәл сол кезде дүкеннің 36 жастағы иесі басқа бөлмеде еден жуып жүрген. Ол қыздарының айқайын естіп, жүгіріп барып қарақшыны арқасынан бір ұрған. Ер адам сасып қалып, әйелді итеріп қашып кеткен. Скальпельді дүкенде түсіріп алған.
Жедел іздестіру шаралары барысында полицейлер 48 жастағы ер адамды ұстады. Ол қала тұрғыны болып шықты. Қаржылай қиындыққа тап болғаннан кейін дүкен тонауға барғанын айтқан.
Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің екі бірдей бабы - 24-баптың 3-бөлігі және 191-баптың 1-бөлігі ("Тонауға оқталу") бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды.
Оған қоса, күдікті дүкенге келтірген шығынды өтеп беруге тиіс.