НҰР-СҰЛТАН, 21 маусым – Sputnik. Ұлыбритания армиясы Бас штабының жаңа басшысы Патрик Сандерс әскерді Еуропадағы жаңа соғысқа дайындау қажеттігін айтты, деп жазды РИА Новости.
"Бізге армияны Еуропадағы жаңа соғысқа дайындау керек. Сондай-ақ одақтастар бірлесіп Ресейге қарсы соғыста жеңе алатын армия жасақтау қажет. Ресейдің Украинаға басып кіруі біздің Ұлыбританияны қорғау, құрлықтағы соғысқа барынша дайын болу және күш қолдану арқылы Ресей тарапынан болып жатқан агрессияны тежеуге қабілеттілікті арттыру түріндегі мақсатымызды айқындады", - деп жазылған "Би-би-си" жариялаған Патрик Сандерстің меморандумында.
Генералдың басқаруында 73 мың жауынгерден құралған шағын армия ғана бар екенін ескеру керек.
Барлық жүзжылдықта Ұлыбритани Ресеймен тікелей тек екі рет соғысты. Соңғы рет Қырым соғысында ағылшындар орыс жеріне басып кірген. Ал қазір тіпті ағылшын оқушылары да Ресейдің Еуропа елдеріне шабуылға дайындалып жатқаны туралы жалған ақпаратқа сенеді.
Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон сенбіде Sunday Times басылымында жарық көрген мақаласында былай деп жазды:
"Путин Украинаны ыдыратумен тоқтамайтынын білеміз. Ол өткен аптада өзін Ұлы Петрге теңеп, Ресей "славяндар" мекендеген кез келген аумақты қайтару құқығына ие екенін айтты", - деп жазылған мақалада.
Премьер-министрдің мақаласы "Біз қазір айбынды Украинадан теріс айналсақ, ешқашан қауіпсіз бола алмаймыз" деп аталады.
Алайда бұл оқиғалардың Еуропа мен корольдік қауіпсіздігін сақтауға қаншалықты қатысы бар екені түсініксіз, деп жазды мақала авторы.
Егер генерал Сандерс "Ресей агрессиясы Еуропадағы қауіпсіздік жойылған жаңа кезеңге алып келгені" және сондықтан британ армиясын модернизациялауды жеделдету қажеттілігі туралы жазса, Джонсон "Біз және біздің одақтастарымыз өз қауіпсіздігімізді Украина қауіпсіздігі секілді қайсарлықпен қорғаймыз" деген пікір айтты.
Бұл мәлімдемелердің барлығынан бір ғана түйін шығаруға болады: англосаксондар батысты алдағы көп жылға арналған созылмалы соғысқа дайындап жатыр. Бұл туралы НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг ашық айтты:
"Бұған өте көп жыл жұмсалады, оған дайын болу керекпіз. Украинаны қолдауды тоқтатпау қажет. Мұның бағасы өте қымбат болуы мүмкін. Оның салдары әскери қолдау кезінде ғана емес, энергия мен азық-түліктің қымбаттауы сипатында да болуы ықтимал".
Джонсон Украинаға көмектесудің төрт негізгі бағдарын атады: қару-жарақпен, қаржылай, экспортқа арналған логистика және астықты алып шығу. Ол мұның барлығы Ұлыбритания мен оның одақтастарының орасан зор күш салуын қажет ететінін айтты.
"Жалпы британ шенеуніктерінің ойынша Украинада жеңілген Ресей бірден Балтық елдері немесе Польшаға шабуыл жасайтынына сенетіндер бар ма? Әрине, жоқ. Ұлыбритания құрлықта соғысуға ниетті емес және Ресейдің НАТО елдеріне шабуыл жасайтынына сенбейді. Бірақ британ көшбасшылары поляк шенеуніктері секілді алдағы ондаған жылда Ресей-Ұлыбритания қарым-қатынасын мейлінше бұзуды көздеп отыр. Ол үшін екі ел байланысын жаңғыртуға ешқандай мүмкіндік қалдырмайтындай әрекеттер қажет", - деп жазды РИА Новости.
Ұлыбритания Еуропадағы шиеленісті мейлінше ушықтыруды қалайды. Бұл стратегия өткен ғасырларда ағылшындарға оңай олжа алып келгеніне тарих куә. Бірақ бұл жолы Ұлыбританияның сол кездегі армиясы мен флоты жоқ. Дегенмен "орыстардың әлемді жаулап алуды және тарихта өзіне тиесілі болған жерлерді қайтару үшін соғысуға дайын екені" туралы ақпаратты сылтау етуге болады.
Мақала авторының пікірінше, қалай болғанда да, Лондон қазіргі іс-әрекет пен шешімнің жақын болашақтағы салдарын есепке алмай, тым қауіпті әрекетке барып отыр.