Өңірлер

Түркістандық жігіт онлайн-дүкендер арқылы банктен 8 млн теңге ұрлаған

Алаяқтар интернет-банкинг арқылы жоқ тауарларды сататын бірнеше онлайн-дүкен ашқан
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 21 маусым – Sputnik. Түркістан облысының тұрғыны онлайн-банкинг арқылы банктердің 8 млн теңгесін ұрлаған.
Шымкент ПД баспасөз қызметінің ақпаратынша, полицияға бір банктің қызметкерлері арызданған. Айтуынша, былтыр маусым мен қыркүйек аралығында белгісіз біреулер банкке 8 миллион теңгеден аса шығын келтірген.
Анықталғандай, алаяқтар интернет-банкинг арқылы жоқ тауарларды сататын бірнеше онлайн-дүкен ашқан. Артынша сол дүкендерден ірі сомаға сауда жасап отырған. Жеке кәсіпкердің шотына ақша түскен сәтте олар қаржыны дереу қолма-қол шешіп алып, сатып алынған тауарды кері қайтару рәсімін жүргізген. Үш ай ішінде күдікті дәл осындай әдіспен 9 алаяқтық жасап үлгерген.
Бұл факті Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігі "бірнеше рет жасалған алаяқтық" бойынша тіркелді.
"Үздіксіз жүргізілген іздеу нәтижесінде тәртіп сақшылары күдіктінің ізіне түсіп, жалған кәсіп иелері мен жалған сатып алушыларды анықтады. Куәгерлердің айтуынша, олардың ортақ танысы телефон арқылы интернет-сауда жасауды жиі өтінген. Полицейлер күдіктіні қала аумағында ұстап, полиция басқармасына жеткізді", - деп мәлімдеді ПД.
Жас жігіт Түркістан облысының тұрғыны болып шықты. Күдікті өз кінәсін толық мойындады. Заңға сәйкес, ол осы қылмысы үшін 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.