Шымкентте көліктің үстіне ағаш құлады – құтқарушылар шақырылды

Жедел-құтқару жасағы арамен ағашты кесіп, қауіпсіз жерге шығарып тастады
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 21 маусым – Sputnik. Шымкент қаласында 15 метрдей терек аулада тұрған көліктің үстіне құлады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан қалалық төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.
Ресми мәліметке сәйкес, төтенше оқиға 19 маусымда Теріскей шағын ауданындағы 14 үйдің ауласында болған.
Қатты желдің салдарынан 15 метрге дейін өскен терек тұрақта тұрған автокөліктің үстіне құлады.
"Абырой болғанда ешкім зардап шеккен жоқ. Көлікке ғана зақым келген", - дейді құтқарушылар.
Жедел-құтқару жасағы арамен ағашты кесіп, қауіпсіз жерге шығарып тастады. Ал жергілікті атқарушы органдарының тазалау мекемесінің қызметкерлері ауланы жинап шықты.
Айта кетері, 19 маусым күні Шымкентте желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін жеткен. Синоптиктер дауылды ескерту таратқан болатын.