НҰР-СҰЛТАН, 21 маусым – Sputnik. Нұр-Сұлтанда қарасора өсірген екі ер адам ұсталды.
Қалалық полиция департаментінің ақпаратынша, күдіктілер жалға алған үй-жайдың жертөлесінде құрамында есірткі заты бар, өсіруге тыйым салынған қарасораны заңсыз өсірген. Жас жігіттер, тіпті, бірінші партиядан түсім жинап үлгерген, оны содан кейін сатпақшы болған.
"Тінту барысында қарасора өсіруге арналған арнайы жабдықтар алынды: шамдар, желдеткіштер, контейнерлер. Сонымен қатар, тыйым салынған өсімдіктерді өсіруге арналған препараттар мен тыңайтқыштар, буып-түю материалдары, электронды таразылар тәркіленді", - делінген хабарламада.
Күдіктілер арам пиғылын іске асыру үшін жылу режимі мен ылғалдылықты сақтай отырып, желдеткіштер мен шамдарды, тамшылатып суару жүйесін орнату арқылы есірткі өсімдігін өсіруге жағдай жасаған.
Бұл фактіге қатысты ҚК 300-бабы "Құрамында есiрткi заты бар, өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi заңсыз егіп-өсіру" бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Сараптама тағайындалды.
Екі жігіт уақытша ұстау изоляторына қамалды.