Денсаулық

"Ойынға ойсыз құмар": лудоманиядан айығуға бола ма

Лудомания, гемблинг, игромания, құмар ойын әуестігі, құмар ойыншы – мұның барлығы әлем бойынша жайылып келе жатқан дерт атауы. Осындай аса қатерлі дертті естуіңіз бар ма?
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 21 маусым – Sputnik. Құмар ойынға тәуелділік тәніңізді ауыртып, жаныңыз жапа шекпесе де, санаңызды улап, айрандай ұйып отырған отбасыны тас-талқан етуге құдіреті жетеді. Мейлі, отбасылы болмаса да, "бойдақпын" деп алшаң басқанның да тұмсығын тасқа тигізген.Sputnik Қазақстан тілшісі лудоманияның қалай емдеп, арылуға болатынын анықтап көрді.
Игромания – ол құмар ойынға деген тәуелдік. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл ойындардың психикалық ауытқуға әкеп соқтыратынын мәлімдеп, адам денсаулығына аса қауіпті сырқат қатарына жатқызып, дабыл қаққан-ды. Ол ресми түрде психикалық ауытқу ретінде танылған, алкоголизм, наркомания, токсикомания сынды дертпен пара-пар.
Десе де спорттық бәсекеге бәс тігіп, рулетка, карта ойнап, лотерея билетін сатып алатын әрбір адам лудоман болып саналмайды. Бірақ кез келген сәтте тоқтауды ұмытып, соңы дертке ұласуы мүмкін. Соған қарамастан, тәуліктеп букмекерлік кеңселерді торуылдаған жастарға тосқауыл боларлық күштің жоқтығы қынжылтады. Тіпті технологияның дамуымен казиноға бару немесе ойын автоматтарын іздеуге деген сұраныс жоқ. Өйткені қазір телефон арқылы да лудомания атты тұзақтан шыға алмай жүр.
Желіден керегіңді іздеп, тіпті, кино көрейін десең де, "Интернет арқылы бәс", "Интернет казино" деген жарнама алдыңнан атып шығады. Көрмейін десең, фильмің қосылмайды. Телефон немесе интернетке кіретін трафик болмаса да, түнімен істейтін букмекерлік орталықтар бар. Бұл бәлекеттен алыс адамдарға лудомания болмашы дүние болып көрінуі мүмкін. Десе де ойындарға құмарлықтан шаңырақ та шайқалып жатыр. Саны күннен күнге көбеймесе, азаяр емес.

Шайқалған шаңырақ

Бүгінде ұстаз ретінде оқушыларға білім нәрін сусындатып жүрген Жаннұр есімді кейіпкеріміздің бұрынғы жолдасы игромандар қатарын толықтырған екен.
"Таныстығымыздың алғашқы күнінен бастап мен оның құмар ойынға жақындығы, тәуелдігі барынан бейхабар болдым. Ол өзінің лудоман, игроман екенін намазбен жасырды. Бірінші танысқанымызда Жұма намазға кіріп шығайын дегені әлі есімде. Ата-анасымен таныстырғанда да шариғат жолымен жүретін, 5 уақыт намазын қаза қылмайтын жандар екені көрініп тұрды. Ата-анама осындай құда-құдағи мен күйеубала болса екен деп армандайтынмын. Сол арманның жетегінде кетіп, қалай алданғанымды да білмей қалдым", – деді.
Кейіпкеріміз ерлі-зайыпты ретіндегі алғашқы апталарында жолдасының өтірігі сыртқа шыға бастағанын жеткізді. Уақыт өте келе Жаннұр Құдай қосқан қосағының үйге кеш қайтатынын, орнында тұрған ақша мен алтындардың шетінен жоғала бастағанын байқайды.
"Тіпті ата-анасына менің оқуыма, дипломыма, сессияма керек деп ақша сұрататын болды. Маған айтпай ата-анасынан қаражат алып жүргенін біліп, менің оқуыма қажет еместігін ақырын айтуға тырыстым. Балалы болған соң бәрі өзгерер деген пікірде жүрдім. Осы ойыма сендім. Құдайға шүкір, ұлымыз аман-есен дүниеге келді. Ана болғаныма бақыттан басым айналып жүрдім. Бірақ... Лудоман жолдасым әлі өзгермеді, өзгеретін түрі де жоқ сияқты болды. Ол мені ұрып-соғып, жалынып-жалбарынғаныма да, жылаған балаға да қарамай үйдегі бар ақшаны, алтындарды алып кетіп, ақшасыз келетін. Бір күні ұялы телефонымды да тартып алып, карта ойынына бәске қойып, ұтылып келді. Қайда болғанын сұраймын деп басым бәлеге қалып, көк ала қойдай таяқ жедім", - деп әңгімесін жалғаған Жаннұр 2 жылдан аса уақыт төзіп келгенін айтты.
Өйткені олардың Алла алдында ақ некесі қиылған, ол қанша жерден игроман болса да, оның Құдай қосқан қосағы.
"Бір уақытта бұл дертпен күресу мүмкін еместігін түсіндім. Сол кезде алдымда көну не болмаса одан кету деген екі таңдау тұрды. Шырылдаған балама қарадым да, мұның ары қарай жалғаса беруге болмайтынын түсіндім. Бар киімімді жинап, үйден кетіп қалдым. Ертеңінде сотқа барып заңды түрде ажырасуға өтініш бердім. Жарты жыл дегенде ажырастық. Бүгінде ұлымның тәтті қылығына тоя алар емеспін", - деп әңгімесін аяқтады кейіпкеріміз.

Лудоман деген кім

Жасөспірімдер психологы Азамат Бейсетов көп жағдайда лудомания дертіне ер адамдар шалдығатынын айтты. Айтуынша, тәуелділікті екі санатқа бөлуге болады:
1.
Химиялық тәуелділік. Оған алкоголизм мен наркомания жатады.
2.
Іс-қимыл тәуелділігі. Олардың қатарына игромания, лудомания, гэмблинг жатады.
"Алғашқы бәсті мектеп оқушылары қоя бастайды. Бұрын бұл ойын автоматтары болды. Ал қазір бәрі оңай, онлайнға көшкен. Орта сынып оқушыларын жоғары сынып оқушылары немесе таныстары үйретеді. Кейде ағасы көрсетеді. Содан үлгі алып, қызыға бастайды", – деді психолог.
Бәс тігетіндер осылайша ақша тауып жатырмыз деп ойлайды. Бұл мақсатқа қаражатты жинап жүргенінен, туған күніне сыйлыққа берген немесе түскі асқа деген ақшаны жұмсайды.
Орта мектеп жасында бұл нашарлауы мүмкін, ал студенттік жаста жағдай одан сайын ушығуы ықтимал. 18-19 жастан бастап ойынға тәуелділік күшейе бастайды.
"Казиноға келетін болсақ, онда баратын адамдар ауқатты, негізінен орта жастағы, табысты. Бір түнде олар өз бизнесін жоғалтуы мүмкін. Спорттық ставкалар бойынша көрсеткіш әртүрлі. Бірақ егер казино туралы айтатын болсақ, онда адам бір түнде екі гектар жерді, пәтерді, көлікті, мейрамхананы жоғалтуы мүмкін. Онда бүкіл инфрақұрылым қарастырылған. Дәл сол жерде олар пәтерді, көлікті және осы қызметтердің барлығын басқа адамның атына жаза алады".
Маманның айтуынша, лудоман адамда интеллектуалды, коммуникативті қабілеттері жақсы дамыған. Олар адамдардың сеніміне кіре алады, өйткені ойынға көп ақша қажет және оларды әрқашан бір жерден алу керек. Бұл жағдайда олардың негізгі қауіпсіздік сезімі жойылады.
"Ойыншы тұратын отбасыларда, әдетте, материалдық аспектіге үлкен мән беріледі. Ақшадан тарлық көрмеген адамдар бар. Олар үнемі ақша туралы сөйлеседі. Ал толық қамтамасыз етілмеген отбасы мүшелері ақшасыз жаман деп айтады. Бала осындай ортада қалыптасады және ол осы өмірдегі барлық нәрсені ақшамен шеше алатынын, ішкі бақытты сатып алатынын түсіне бастайды".

Бір сәтте барлығынан айырылу

Құмар ойыншылар ақша үшін қылмысқа дейін барады. Бұл жұмыс орындарында ұрлық, алаяқтық болуы мүмкін. Таныстары сенгіштігінен олардың атына көлік пен мүлкін қайта рәсімдейді.
Алматы қаласының Аслан есімді тұрғыны лудомания, игромания дертімен алысып келе жатқанына 5 жылдан асқан. Алғашында ол ойын автоматтарына барып, ақша көтеруді ойлаған. Біресе жолы болып, салғанын 2-3 есе қылып қайтарған. Бірақ жолы болмаған кездері де аз емес.
"Оңай жолмен ақша табуға дәндеп алдым десем болады. Қатты ақша қажет болған жағдайда ойын автоматтарына баратынмын. Жолым болып, салған 500-1000 теңгем 5000 болып қайтатын. Кейін телефон арқылы спорттық жарыстарға ақша тіге бастадым. Футбол, теннис, волейбол. Осылай жалғаса береді", – деді ол.
Кейіпкер бастапқыда қомақты қаражат тікпеген. Бірақ оңай ақша табуға берілген ол бәске тігетін соманы көбейте бастады. Сөйтіп 50-100 мыңдап қаражат тігеді. 200 мың айлығы қарызын не кредитін жабуға кетті. Спорттық ойынға тіккен бәсінен 700 мың теңге ақша шығарды. Досынан миллион қарызға алып, көлік алады. Содан енді қойдым-ау дегенде мойнындағы кредиттен, досының қарызынан тезірек құтылғысы келеді. Баяғы әдетіне қайтадан басып, қомақты қаражат көтеремін деген ойда болды. Бірақ ойлағыны іске аспай, 500 мыңға ұтылады.
"Бәс тігетінімнен әйелім бейхабар еді. Қыз-жігіт болып жүргенімізде де ештеңе айтпадым. Емшектегі баламен үйде отырды. Азық-түлікке қажетті қаражат жеткілікті болып жүрді. Содан көлік аламын деп ақша барын айтқанымда күмәндана бастады. Барлығын айтуыма тура келді. Осыдан кейін бәс тікпеймін дедім. Бірақ өз-өзімді ұстай алмадым. Қайта-қайта бәс тіксем, ақша көтерсем деген ой санамды жаулап алды. Досымның қарызынан тезірек құтылғым келді. Содан кредитке ақша алдым, жылдам ақша, жалақыға дейін ақша дегендерге жүгіндім. Содан 2 миллионға жуық қарызға қалай кіргенімді байқамай қалдым".
Аслан қазір банктердің қара тізіміне кірген, карталары бұғатталған. Әйелі баласын алып, төркінге кеткенде ғана ойлана бастады. Отбасынан айырылып қала жаздағанда бәрін түсінді. Уақытты жоғалтпай, оларды қайтару үшін әрекет етеді. Содан қосымша ақша табу жолын ойлайды. Мамандармен кеңесіп, емделу үстінде. Қазіргі уақытта әйелі мен баласы қайтып келгенімен, сенімін ақтау керек.

Адам қалай лудоман болады

Мамандардың айтуынша, лудомания дертіне шалдығу бірнеше факторға байланысты:
биологиялық;
психологиялық;
әлеуметтік;
рухани.
"Егер отбасында әкесі немесе атасы ойыншылар қатарынан болса және отбасы мүшесі баласы да тәуелді бола ма деп алаңдайды. Ондай жағдайда былай айту керек: тұқым қуалаушылық – тек фактор, бірақ себеп емес. Мысалы, тұмаумен адамдар күзде және қыста ауырады, бірақ қыс та, күз де себеп емес, олар тек фактор болып табылады. Сондықтан тұқым қуалаушылық та осы сияқты. Сіз ауыруыңыз да, ауырмауыңыз да мүмкін", – дейді психолог Алтын Науқанова.
Психолог лудоман адаммен өзін қалай ұстау керегін айтты.
Бірінші қадам – ойыншыны осы тәуелділіктен емделуге ынталандыру үшін оңалту орталығының мамандарымен кеңесу. Адамды өз ауруынан, яғни құмар ойындарынан ажырату керек. Басқаша айтқанда: мен сені жақсы көремін, бірақ ауруыңды жақсы көрмеймін деп айту қажет. Бұл қатты махаббат деп аталады.
Ақшаны қарызға алмаңыз, құнды заттарды жасырыңыз. Әйтпесе сіз ауру адамға жағдай жасайсыз.
Ойыңызды сыртқа шығарыңыз. Өз күдігіңіз бен уайымыңыз туралы айтыңыз.
Мамандардың пікірінше, тәуелділіктен өздігінен құтылу мүмкін емес. Жақыныңыздың лудоман екенін келесі жеке қасиеттеріне қарап анықтауға болады:
жоғары "әлеуметтік батылдық" - тәуекелге бейімділік, дезинфекция, мінез-құлықтың қалыпты емес стилі;
"сезімдерге бейімділік" - тұрақсыздыққа бейімділік, жағдай әсеріне ұшырау, мінез-құлық пен тұлғааралық қарым-қатынастардағы жалпы қабылданған нормалар мен тыйымдардың сақталуын төмендету;
"экспрессивтілік" - ойлаудың эмоционалды бағыты, сәттілікке стихиялық сенім;
"шиеленіс" - ұмтылыстардың белсенді қанағаттанбауы;
"өзін-өзі бақылаудың тұрақсыздығы" - өзі туралы идеялардың қақтығысы;
өзін-өзі бағалаудың жеткіліксіздігі (жасына қарамастан).

Емі бар ма

Құмар ойыншы өзіне, айналасындағыларға ғана емес, мүлде бейтаныс жандарға да кесірін тигізеді. Көңіл-күйінің тез құбылмалылығы мен өзін-өзі ұстай алмауынан кез келгенге қол көтеріп, дөрекі сөйлеп, жеңілісінің өшін алуы мүмкін. Кейде ішімдікпен басып жатады.
Адамға "Игромания" диагнозын қою үшін бірнеше белгілері сәйкес келуі керек екен. Бұл туралы психолог Алтын Науқанова баяндады. Оның айтуынша, қанағаттанбаушылық, жалғыздық, жұмыс істемей байып кету және психикалық дертке жақындығы бар адамдар "лудоман" қатарын толтыруы бек мүмкін.
"Адам құмар ойынға тәуелді болар алдында бірнеше кезеңнен өтеді. Бастапқы кезең – жеңіс фазасы. Бұл кезде бірнеше рет асығы алшысынан түсіп, оңай олжалы болу деген ой санасын жаулап алады. Жеңіс фазасында бәс құны аз болғанымен, ойынға жұмсайтын ақша мен уақыт жылдам өсе бастайды. Бұл жеңіліс фазасына әкеліп соғады. Онда лудоман қарызға, кредитке ақша алады. Ақыр соңында белшесінен қарызға батып, жұмысынан да айырылады.
Мұның барлығы көңілсіздік фазасына келіп тіреліп, туған-туыстармен қарым-қатынасы нашарлап, отбасынан айырылады. Ойынға құмарлығы тоқтамаса, қылмыстық жолмен қаражат табу схемасы ойластырыла бастайды. Дер кезінде ем-дом шараларын бастамаса, дерт соңғы кезеңге жетеді. Яғни, шарасыздық фазасында науқас алкологизм, наркомания дертін қосып қана қоймай, қамаққа алынып, өз-өзіне қол жұмсайтындай халге жетеді", – дейді психолог Алтын Науқанова.
Оның айтуынша, лудоманияны емдеудің негізгі тәсілі – психотерапиялық методика. Науқастың емделіп шығамын деген ұмтылысы мен келісімі аса маңызды. Емдеу кезеңі қиын әрі көп уақытты талап етеді. Бойынан бірінші фазаның белгілерін байқаған адамға көмек пен қолдау қажет. Өйткені, білікті психолог пен психотерпевтке жолығып, топтық психотерапияға сеанстарына барған уақытта ғана нәтижеге қол жеткізеді екен.
P.S: Ата-бабамыз "Ойынға ойсыз құмар" деп дөп басып айтқан. Бабалар тарихына үңілсек, құмар ойнау деген ұғым қазақ танымында болған емес. Дінімізде де бәс тігуді құп көрмейді. Қазақ тілсіз жау деп өрт пен суды атаса, бүгінгі қоғам бейнесіне қарап, өз тұжырымымызда үшінші жау ретінде "Лудомания" дертін де қосуға болады. Бұл дерттің өрттен несі кем? Үнсіз келіп адами құндылықты өрттей жалмап, талай жастың ғұмырын жалындай шарпиды.