НҰР-СҰЛТАН, 21 маусым – Sputnik. Қаржы мониторингі агенттігі тұңғыш президенттің інісі Болат Назарбаев пен оның жұбайы Майра Құрманғалиеваның үстінен кәсіпорындарды рейдерлік жолмен басып алуға қатысты қылмыстық іс қозғалды деген ақпаратқа түсініктеме берді.
Қазақстандық журналист Михаил Козачковтың айтуынша, бизнесмен Нұрша Кәкенов "Karuan" ЖШС құрылтайшыларының бірі болған. Алайда одан кәсіпорынын тартып алған. Өзінің шығынын ол 150 млрд долларға бағалады.
Журналистің айтуынша "Karuan" Маңғыстау облысында марганец өндірумен айналысқан. 2006 жылы оның жалғыз құрылтайшысы ретінде болып Болат Назарбаев қалды. Ал өткен жылы кәсіпорын жұмысын тоқтатты.
Қаржы мониторингі агенттігі БАҚ сұрауы бойынша төмендегіні хабарлады:
"2022 жылдың 17 маусымында Алматы қаласы прокуратурасынан Алматы қаласы бойынша экономикалық тергеу департаментіне Н.Какеновтен "KARUAN" ЖШС-нің рейдерлік жолмен алынғаны туралы шағым түскенін хабарлаймыз. Өтініште көрсетілген дәлелдер тексеруге жатады, оның нәтижелеріне құқықтық баға беріледі. Басқа ақпарат жариялауға жатпайды", - делінген хабарламада.