НҰР-СҰЛТАН, 21 маусым – Sputnik. Ақмола облысында зейнеткер әйелді алдап кеткен алаяқ ұсталды. Ол кейуананың туған қызы болып шықты, деп хабарлады Polisia.kz порталы.
18 маусымда Ақкөл аудандық полиция бөліміне 61 жастағы зейнеткер арызданды. Белгісіз біреу оның атына кредит рәсімдеп, 1 миллион 289 мың теңгеге тауар сатып алған. Жедел іздестіру іс-шаралары барысында күдікті анықталды. Ол жәбірленушінің 32 жастағы қызы болып шықты.
"Әйел онлайн кредит рәсімдеу үшін 2021 жылдың қарашасы мен 2022 жылдың наурызы аралығында анасын алдап, бірнеше рет суретке түсірген. Жеке кәулігін қолданған", - дейді полицейлер.
Зейнеткер ештеңе білмеген. Ал банк қызметкерлері хабарласып, картаның бұғатталғанын айтқанда ғана бірден полицияға арыз түсірген.
Қазіргі алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды. Зейнеткердің қызына 4 000 айлық есептiк көрсеткiшке (12 720 000 теңгеге) дейiнгi мөлшерде айыппұл салынуы мүмкін. Оны төлей алмаса, түзеу жұмыстарына не бір мың сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға жіберіледі, я болмас, төрт жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесіледі.