Денсаулық

Үрейге бой алдырмаудың жолдары – психолог кеңесі

Қазіргі уақытта адамға қойылар талап жоғары. Жылдамдық, көлемді ақпарат ағыны, секунд сайын құбылмалы жағдайлар ― мұның барлығынан адам күйзеліске ұшырап, уайымға бой алдырады
Sputnik
Sputnik Қазақстан тілшісі бұл жағдайдан қалай шығуға болатынын және онымен күресудің жолдарын анықтап көрді.
Психолог Сандуғаш Дұрыскелдинованың айтуынша, адам организмінде дүрбелең кезінде физиологиялық өзгерістердің күрделі кешені пайда болады. Яғни, ми қауіпке жауап береді, гормондар қанға түседі, тыныс алу және жүрек соғу жиілігі жоғарылайды, бұлшықет қарқынды жұмыс істеуге қажетті барлық затпен қамтамасыз етіледі.
"Адамда үрей, қорқыныш, стресс сезімі белгісіздік жағдайында пайда болады. Адам өзіне деген, ертеңіне деген сенімділікті жоғалтқан кезде, оның байыпты ойлауы қиын. Сезімдер жиынтығынан тұратын толқын бойыңызды билеп, үрейге жол бересіз, бағдарыңызды жоғалтасыз. Ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін түсінбейсіз", - дейді маман.
Психолог паникалық шабуылға бой алдырып, стресс сезіне бастағанда жасауға болатын психологиялық әдісті бөлісті. Ол үшін қағаз парағын алып, төмендегі сұрақтарға жауап жазу керек:
Мен неден қорқамын?
Қорқатын нәрсем орындалса, не істеймін?
Мұны болдырмас үшін қандай іс-әрекет істей аламын?
Осы сұрақтарға жауап жазу арқылы ойыңыз жинақталып, үрейді жеңе бастайсыз, дейді маман. Адам психикасы тіпті ең жарқын сезімдердің өзі он минуттан артық өмір сүре алмайтындай етіп жасалған. Сондықтан үмітсіздіктен, үрейден шығу оңай.
"Стресс – бұл қысым. Қандай да бір жағымсыз ойды ойлаған сайын адам қысыла береді. Адам уайымға берілсе, арты депрессияға ұласуы мүмкін. Оның арты түрлі ауруларға әкеліп соғады. Қысымнан шығудың бірден-бір жолы – позитивті ойлай білу", – деген психолог стресті жеңудің бірнеше тәсілін ұсынды.
Адам ұйқысынан оянғаннан бастап көтеріңкі көңіл-күйде жүріп, мейлінше ашық-жарқын болып, ортада өзін еркін ұстауы қажет.
кез келген дағдарыс жаңа идеялардың, жаңа жоспарлардың туындауына алып келеді
жеке тұлғаның экстремалдық ситуациядан шығу әрекетін ұтымды пайдаланып, ішкі психологиялық ресурстарын қолдана алу керек
өз-өзіңізді сабырға келтіріп және бойыңызда эмоционалдық тұрақтылықты қалыптастыру керек.
"Стресс жағдайында адам өзінің шынайылығын жоғалтады. Жағымсыз эмоциялар, қорқыныш және ертеңгі күнге сенімсіздік жұмысқа әсер етеді", - дейді маман.
Үрейлік (паникалық) бұзылыстар – бұл ауру еместігін есте ұстаған жөн. Бұл – тұлға, мінез бұзылыстары, мінездің ерекшелігі. Үрейлі шабуылдар әрбір адамда болуы мүмкін. Тек барлығы оның шабуыл екенін білмейді немесе аса көңіл аудармайды.
"Паникалық шабуылдар бір реттік, яғни ұстама, жеке эпизод ретінде болуы мүмкін. Ал үрейлік (паникалық) бұзылыстар – бұл аса күрделі ауру. Үрейлік бұзылыстар кезінде үрейлік шабуылдар үнемі қайталануы мүмкін. Адам мұндай жағдайды біледі және шабуылды күтеді, ол басталады деп қатты қорқады. Оның тәртібі өзгере бастайды. Мысалы, адамда сауда орталығында жүрек талмасы болған, басы айналып, аяқтары мақтадай болып, өлімнен қатты қорқып қалған. Ол автоматты түрде үрейлі шабуылды сауда орталығымен байланыстырып, онда қайта бармауға шешім қабылдайды. Өлімнен қорыққаны соншалық, ол барлық сауда орталығына бармайды. Ал біраздан соң тіпті үйден де шықпай қоюы мүмкін".
Психолог барлық кеңестерді орындаған күннің өзінде паникалық шабуыл болса, жалғыз қалмаған дұрыс, дейді. Біреумен телефон арқылы болсын сөйлескен абзал. Ішкі жағдайыңызды, нені уайымдап жүргеніңізді айтуға кеңес берді.
Терең және асықпай тыныс алыңыз. Одан бөлек жақсы әуен мен медитация да септігін тигізеді екен.