НҰР-СҰЛТАН, 20 маусым – Sputnik. Шымкент қаласына жақын жерде жүк пойызы фураны соғып кетті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қалалық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Қаракөзованың айтуынша, жол апаты Елтай ауылына жақын жерде болған. Елді мекен Шымкент қаласына қарайды.
"Volvo маркалы жүк көлігінің жүргізушісі теміржол өткелінен өтіп үлгермеген. Тепловоз көлік тіркемесіне соғылды. Ешкім зардап шеккен жоқ", - деді Қаракөзова Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.
Volvo жүргізушісі әкімшілік жауапқа тартылды. Оған қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 610-бабы бойынша хаттама толтырылды. Оған сәйкес, 20 айлық есептiк көрсеткiш (63 600 теңге) мөлшерiнде айыппұл салу немесе алты айға дейінгі мерзiмге көлiк жүргізу құқығынан айыру жазасы қарастырылған.