Air Astana Алматыдағы рейстердің не себепті кешіккенін түсіндірді

Анталияға ұшуға тиіс Boeing 767 ұшағындағы техникалық ақауға байланысты тізбекті кешігу болған
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 19 маусым – Sputnik. Air Astana әуе компаниясы ұшақты бір тәулік бойы күткен жолаушылардың бір бөлігін Түркияға жіберді, деп хабарлады Хабар 24.
Айта кетері, күні кеше Анталияға ұшатын Boeing 767 ұшағынан техникалық ақаулық табылды. Соның салдарынан 223 жолаушы бір тәулік күтуге мәжбүр келді. Бүгін 166 жолаушы Түркияға аттанып кетті.
Air Astana корпоративтік байланыстар бойынша менеджері Тілек Әбдірахымовтың айтуынша, бүгінге ауыстырылған кешегі рейс жергілікті уақыт бойынша сағат 10.55-те ұшып кетті. Ал бүгін 9:40-қа жоспарланған рейс 12:55-те көкке көтерілді.
"Әуе кемесінің сыйымдылығы аз кішірек ұшаққа ауыстырылуына байланысты жолаушылардың бір бөлігі ертең Нұр-Сұлтан арқылы, бір бөлігі Алматы-Анталия рейсімен жөнетіледі", - дейді Әбдірахымов.
Осы орайда компания өкілі өтемақы алу үшін help.air astana.com сайтын қолдану қажеттігін еске салды.
Алматы-Анталиядан бөлек, Алматы-Сеул, Алматы-Ташкент бағытындағы рейстер, сондай-ақ Ақтөбе мен Қызылордаға ұшатын ішкі рейстер де кешіккен болатын.