НҰР-СҰЛТАН, 18 маусым – Sputnik. Қант таппай сандалған елдің бірі Өзбекстан.Ол сонау Бразилиядан шикізат тасып, екі бірдей зауытта өңдейді.
Өндіріс орындары да толығымен жаңа. Бірақ дәл тоспа қайнатар уақытта мұндағы ел де біраз әбігерге түскен, деп хабарлады Хабар 24.
Қазақстан секілді Өзбекстан да кейінгі кезде қант жетіспеушілігіне тап болды. Баға әзірге ырыққа көнбей тұр. Биліктегілер ахуал бірер күнде тұрақталады дейді.
Бразилиядан қажетті шикізат жеткізілген. Жылына 700 мың тонна өнім өндіретін екі зауыт та толық қуатта жұмыс істеп тұр.
"Тәулігіне 1100 тонна қант өндіріп жатырмыз. Бұл жалпы қуаттылықтан 10 процентке артық көрсеткіш. Кейінгі бір аптада жағдай тұрақталып келеді. Шикізат жеткілікті", - дейді қант зауытының бас директоры Рустам Акбарходжаев.
Өзбекстанның қантқа деген сұранысы жылына 650 мың тоннаға тең. Бізде де осыған шамалас. Бірақ Қазақстанға қарағанда зауыттары жаңа. Заманауи қондырғылармен жабдықталған. Шикізат ретінде қант қызылшасын емес, құрағын қолданады. Онысын жер шарының ең тропикалық аймағынан жеткізеді.
Бірде Бразилия, енді бірде Мексикадан.
"Таяуда Ресейдің теңіз порттарына салынған санкция салдарынан сауда жолдарын өзгертуге тура келді. Әзербайжан, Грузия арқылы тауар ағыны жүреді. Күніне 100 шақты вагон қатынайды. Шикізаттың бір бөлігі Қазақстанның Құрық және Ақтау портына да жеткізіліп, одан бері темір жолмен тасымалданады", - дейді көлік министрінің орынбасары Абдусамат Муминов,
Көршіміз өзі өңдеген өнімін алыс-жақын мемлекеттерге экспорттауға әзір. Алдымен ішкі нарықтағы жағдайдың тұрақталғанын көздейді.
Еске салайық, Өзбекстанда қант қызылшасы өсірілмейді. Бау-бақша баптап, диқандыққа әбден төселгенімен қызылша егетін жер жеткіліксіз. Сондықтан Бразилиядан тасымалдайды.
Өзбекстанға шикізат сырттан жеткізілсе де логистика мен баға мәселесі үнемі бақылауда. Оның үстіне зауыттар жаңа. 35 миллионнан асатын халқының сұранысын қанағаттандыра алады. Қырғызстанда да қант қат. Орталық Азияның басқа елдері секілді өнімді биржада саудалайды. Бірақ сатып алу көлеміне шектеу қойылған.
"Мәселені тек үкімет шеше алады", - дейді сарапшылар. Салаға ауқымды инвестиция тарту керек.