Қазақстанның солтүстігі мен шығысында газға қажеттілік өсті

Энергетика министрінің айтуынша, солтүстік пен шығыста газға қажеттілік 7 млрд текше метрге дейін өскен. Бұған дейінгі болжам 2,5 млрд текше метр болған
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 16 маусым – Sputnik. Энергетика министрі Болат Ақшолақов солтүстік пен шығыс өңірлерді газбен қамту жұмысы қалай жүргізілетінін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Сенат отырысында депутат Ерік Сұлтанов өңірлерді газдандыру мәселесін қозғады. Айтуынша, өткен жылдың қорытындысы бойынша өңірлерді газдандыру деңгейі 57,7 пайызды құраған. Бұл әлі де төмен.
"Яғни Қазақстандағы 19,1 миллион адамның 11 миллионы ғана газ пайдаланып жатыр. Тек жеті өңірде ғана газдандыру деңгейі 90 пайыздан асады. Ал төрт өңірде 60 пайыздан шамалы жоғары. Еліміздің басқа өңірлерінде газдандыру деңгейі бұл көрсеткіштерден айтарлықтай төмен", - деді депутат.
Мәселен, Қарағанды облысында 3,5%, Шығыс Қазақстан облысында 1,3%, ал Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Павлодар облыстарында газ мүлде жоқ. Бұл өңірлерде халықтың 4,1 бөлігі тұрады.
"Өз шешімін талап ететін тағы бір мәселе – газ тасымалдау жүйесінің тозуы. Бүгінде ол жоғары деңгейге – 75 пайызға жетті. Сонымен қатар ішкі нарықтағы тұтынудың серпінді өсуі аясында газдың ресурстық базасын ұлғайту қажеттілігі маңызды мәселеге шығып отыр. Өткен аптада президент келесі жылы еліміздің ішкі нарығында газ тапшылығы басталатынын мәлімдеді. Осыған байланысты менің сұрағым: өңірлерде газдандыру деңгейін арттыру үшін үкімет қандай шаралар қабылдап жатыр?", - деп сұрады Сұлтанов энергетика министрінен.
Болат Ақшолақов солтүстік пен шығыстағы облыстарды газбен қамту жұмысы екі бағытта қарастырылып жатқанын мәлімдеді.
Бірінші – Ресейден газ құбырын тарту. Бұл ең жылдам жолы. Екіншісі – өзіміздің ішкі газ құбырларын тарту. Батыстан Қызылорда облысы арқылы солтүстік пен шығысқа тарту.
"Бірақ бұған қосымша газ керек. Өкінішке қарай, қазіргі таңда бізде газдың құны өте шектеулі. Егер экспортқа жіберіп жатқан газды алып тастайтын болсақ, бұл қосымша 3 млрд текше метр ғана береді. Бұл газ тек жаңа станцияларды құруға ғана жетеді. Ал солтүстік пен шығыстағы өңірлерге кезінде болжам бойынша 2,5 млрд текше метр газ қажет еді. Биыл біз бұл болжамды жаңарттық. Өңірлерге индустриялық зауыттар болсын, станциялар болсын, газға ауыстыру үшін қанша көлем қажет екенін анықтау үшін ұсыныс жіберген едік. Жақын арада шығыс пен солтүстікке газ қажеттілігі 2,5 млрд текше метрдің орнына болжам бойынша 7 млрд текше метрге дейін өсуі мүмкін", - дейді Ақшолақов.
Министр жуырда Ресейге барып, газ мәселесі бойынша келіссөз жүргізіп келгенін еске салды.
"Жалпы келісім бар, бірақ қазіргі уақытта бағасы мен көлемін бекітуіміз қажет. Сол жұмыс жүргізіліп жатыр", - деді ол.
Сондай-ақ, айтуынша, "Сарыарқа" газ құбырын Нұр-Сұлтаннан Көкшетау арқылы Петропавлға дейін тарту үшін мемлекеттік сараптаманың қорытындысы дайын болған.
"Қазір қажеттілікті қарап, газ іздестіріп жатырмыз", - деді ол.
Ақшолақов солтүстік пен шығысқа газ тарту жұмысы уақытқа келіп тірелетінін атап өтті. Айтуынша, Ресейден газ тарту Қазақстанның батысынан газ жеткізуге қарағанда жылдам.
"Мәселені тез шешу үшін ең оңтайлы шешім – газды көрші елден алу. Оларда газ жеткілікті", - деді энергетика министрі.
Ол қазір газ айдау бағдарламасы қайта қарастырылып жатқанын мәлімдеді. Министрлік елдің батысында ірі газ өңдеу орталығын салу бойынша есептеулер жүргізіп жатыр.