НҰР-СҰЛТАН, 16 маусым – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызметшілерді кемсітуді тоқтату қажет екенін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында Тоқаев кадр саясатына тоқталды.
"Әділетті Қазақстанды құру кадрлардың орнын ауыстыра беру деген сөз емес. Өз ісін жетік білетін кәсіби мамандар, отаншыл азаматтар қашанда бағалы. Мемлекеттік қызметшілерге қандай да бір кланның мүшесі ретінде қарауға болмайды. Әрине, олардың құрамын жаңартып отырған дұрыс. Бірақ, мұны терең ойланып, байыппен жасау қажет. Кадрларды жаппай жұмыстан шығару жақсылыққа апармайды", - деді Тоқаев.
Президент кадрларды біртіндеп ауыстыру керек екенін айтты.
"Мемлекеттік қызметшілерді қолынан түк келмейді деп кемсітуді доғару керек. Оларды "халық жауы" сияқты көретіндер де бар. Шенеунік деген сөз жағымсыз ұғымға айналып барады. Бұл – дұрыс емес", - деді мемлекет басшысы.
Тоқаев мемлекеттік қызметте адал әрі білікті кадрлар өте көп екенін атап өтті. Олар Отанымыздың игілігі жолында тынбай еңбек етіп жүр.
"Бірақ, өкінішке қарай, "бір қарын майды бір құмалақ шірітеді" деген де бар. Ондай адамдармен біз бірден қоштасып жатырмыз. Болашақта да солай болады", - деді ол.
Президент билік сыбайлас жемқорлыққа қарсы белсенді күрес жүргізіп жатқанын атап өтті. Бұл – еліміз үшін өте өзекті, қажетті мәселе.
Айтуынша, Қазақстан жемқорлықпен күрестің негізгі көрсеткіштері бойынша айтарлықтай алға басты. Халықаралық рейтинг агенттіктері осылай деп бағалап отыр.
"Бірақ, тоқмейілсіп отыруға болмайды. Өкінішке қарай, жемқорлық – жұрттың санасына сіңіп, әбден әдетке айналып кеткен. Бұл – ащы болса да, шындық", - деп түйіндеді Тоқаев.