Тұрғын үй жалдау шартын екі сағат ішінде онлайн рәсімдеуге болады

Жалға берілетін тұрғын үйді субсидиялау бағдарламасы осы жылдың мамыр айында басталған болатын
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 15 маусым – Sputnik. "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы "Отбасы банк" АҚ-мен бірлесіп Blockchain технологиясының көмегімен тұрғын үйді жалға беру шартын онлайн рәсімдеу бойынша жобаны іске қосты.
Қазір otbasybank.kz платформасында қазақстандықтар жалға беруді субсидиялауға қашықтықтан өтінім бере алады және жалға берілетін тұрғын үй төлемінің 50%-на дейін өтемақы ала алады.
Мемлекеттің бұл көмегіне төрт санат бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар үміткер бола алады:
I және II топтағы мүгедектер;
ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
көпбалалы отбасылар.
"Бірлескен жобаның арқасында қазақстандықтар субсидия алып, жалға берілетін тұрғын үйді онлайн рәсімдей алады. Мемлекет басшысының бюрократиясыздандыру туралы тапсырмасы аясында біз бұл үдерісті барынша оңтайландырдық. Бұрын азаматтар өтініш, келісімшарт, төлем туралы түбіртек, сондай-ақ тізімдегі басқа да құжаттарды әкімдікке өткізіп, жауабын 15 күн күтетін. Енді клиенттер құжат жинамайды. Қазір бүкіл процесс цифрландырылған, Blockchain технологиясының арқасында қызмет нәтижесі шамамен екі сағаттың ішінде дайын болады", - дейді "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Сүйеніш Әбділдин.
Субсидиялауға өтінімдер otbasybank.kz. порталында қабылданады. Онда субсидиялау бағдарламасына қатысушы және оның отбасы мүшелері қажетті құжаттарға қашықтан ЭЦҚ-мен қол қояды. Жүйе деректерді өңдеп, мемлекеттік базалардан мәртебесін растау туралы қажетті анықтамаларды сұратады. Соңында үміткердің субсидиясының мақұлданғаны немесе өтінішінің себептерін көрсете отырып кері қайтарылғаны туралы жауап алады.
"Субсидиялау бағдарламасының аралық қорытындысы бойынша otbasybank.kz платформасын қазірдің өзінде 21 500 қазақстандық пайдаланды, оның ішінде 5 400 адам мақұлдау алды, тағы 1 800 пайдаланушының деректері тексеруден өтіп жатыр. Жақында республикалық және жергілікті әкімдіктердің бюджеттерінен қаражат түседі, сол кезде бағдарламаға қатысушылар жалдау шартын онлайн тіркеп, өз шоттарына тұрғын үйді жалдау құнының 50%-ын ала алады", - деп түсіндірді "Отбасы банк" АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.
Жалға беруші де ЭЦҚ арқылы otbasybank.kz сайтында авторизациядан өтеді.
"Жалға беруді субсидиялау" бөлімінде деректерін растап, өзі туралы жеке деректерді жинау және өңдеу туралы өтінішке қол қояды, ары қарай пәтердің кадастрлық нөмірін және қаражат аударылатын шотты көрсетеді. Осыдан кейін жүйе жалдау шартын және төлемдер кестесін қалыптастырады, оған тараптар ЭЦҚ-мен қол қояды. Процесс Blockchain технологиясының арқасында жеделдетілді.
Субсидия алуға үміткер азамат жалдау шартын тіркегені үшін 4 810 теңге мөлшерінде мемлекеттік баж төлейді. Жалдау шарты мен төлем кестесі үміткердің жеке кабинетіне келіп түседі.
Қазақстандықтар жалға берілетін тұрғын үйді өздері іздеп табады.