НҰР-СҰЛТАН, 15 маусым – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Россия 24" телеарнасына берген сұхбатында Жаңа Қазақстан құру үшін еліміз неден арылуы қажет екенін айтты, деп хабарлады Sputnik Қазақстан.
"Қазақстан олигополиямен, олигархиялық жүйемен толығымен қош айтысуы керек. Экономикада болсын, саясатта болсын. Елде әлеуметтік әділдік болуы керек. Әрине, мен утопист емеспін. Бұл бір күннің, бір айдың немесе бір жылдың жұмысы емес екенін түсінемін. Бірақ бұған ұмтылу қажет. Өйткені адамдар барлық жерде әділдік салтанат құрғанын қалайды. Ал менің мемлекет басшысы ретіндегі міндетім – әділдік орнату", - деді Тоқаев.
Президент бәрі тең болуға тиіс екенін атап өтті.
"Әлеуметтік лифт" жұмыс істеуге тиіс. Біз мемлекеттік лауазымдарға, ұлттық, мемлекеттік компаниялардағы қызметтерге өте білікті, патриот адамдарды іріктеуіміз керек. Бұл депутаттардың сайлауына да қатысты", - деді ол.
Тоқаев президент ретінде парламент сайлауының қорытындысына ықпал ете алмайтынын айтты.
"Бірақ менің міндетім – лайықты, білікті адамдар қоғамда өз орнын тауып, болашаққа оптимизммен қарайтындай, өскелең ұрпақ елдің ертеңіне сенетіндей саяси атмосфера құру", - деп түйіндеді мемлекет басшысы.
Айта кетері, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейде жүр. 17 маусымда Тоқаев Петербург халықаралық экономикалық форумының 25-мерейтойлық жиынына қатысады. Мемлекет басшысы форумның пленарлық отырысында сөз сөйлеп, бірқатар екіжақты кездесу өткізеді деп жоспарланған.