Экономика

Қазақстандық банктерге рубльді шетелге әкетуге рұқсат беріледі

Қазіргі таңда банктерде қолма-қол Ресей рублі көп жиналып қалған
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 15 маусым – Sputnik. Қазақстанның Ұлттық банкі екінші деңгейлі банктерге ресейлік рубльді елден шығаруға рұқсат беруді жоспарлап отыр.
"Қазіргі уақытта екінші деңгейлі банктерде ішкі валюта нарығындағы сұраныстан асатын көлемде қолма-қол Ресей рублінің жинақталып қалғаны байқалады. Бұл Қазақстаннан қолма-қол шетел валютасын әкету бойынша қолданыстағы шектеулерге байланысты", - делінген хабарламада.
Осыған байланысты Ұлттық банк "Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етудің кейбір мәселелері туралы" үкімет қаулысының жобасын әзірледі.
Оған сәйкес, қазақстандық банктерге осы жылдың 15 шілдесінен 31 тамызына дейінгі аралықта ресейлік рубльді шетелге әкетуге рұқсат беріледі.
"Жобада 2022 жылғы 15 шілдеден бастап 2022 жылғы 31 тамызға дейінгі аралықта екінші деңгейлі банктерге қолма-қол Ресей рублін бір реттік тәртіппен әкетуге рұқсат беру көзделген", - деп хабарлайды Ұлттық банк.
Банктердің кассаларында 16 маусымға дейін жиналған қолма-қол ресейлік рубльді елден шығаруға болады.
Рұқсат қолма-қол рубльдерді қолма-қол ақшасыз формаға айырбастау үшін және банктердің корреспонденттік шоттарын толықтыру мақсатында беріліп отыр.