Ақтөбедегі компанияға 900 миллион теңгеден астам айыппұл салынды

Мамыр айында экология министрлігі "Aqtobe su Energy Group" АҚ-ға қатысты кәсіби бақылау жүргізді
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 15 маусым – Sputnik. Ақтөбе ластанған қалалардың ондығына кіреді. Жыл сайын тұрғындар күкіртсутекпен ластану жағдайларына жаппай шағымданады.
Бұдан басқа, ағынды суларды тиімсіз тазарту салдарынан жыл сайын су тасқыны кезеңінде тазартылмаған сарқынды сулар Елек өзеніне ағызылады, деп хабарлады экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі.
"Aqtobe su Energy Group" АҚ қызметіне кәсіби бақылау жүргізілді
Жоспарға сәйкес ағымдағы жылдың мамыр айында экология министрлігі "Aqtobe su Energy Group" АҚ-ға қатысты кәсіби бақылау жүргізді.
Тексеру барысында Елек өзеніне төгілетін сарқынды суларды шекті рұқсат етілген нормативтерден асыру, қалдықтарды басқару тәртібін бұзу, табиғат пайдалану шарттарын орындамау, топырақты ластау секілді заң бұзушылықтар анықталды.
Анықталған заң бұзушылықтар бойынша компания әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 923,4 миллион теңгеге айыппұл түрінде жазалау шарасы қолданылды.

Айта кетері, "Aqtobe Su Energy Group" АҚ Ақтөбе қаласы мен қала маңындағы елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету, сондай-ақ қала тұрғындары мен өнеркәсіптік кәсіпорындарының шаруашылық-тұрмыстық және өндірістік сарқынды суларын қабылдаумен, тасымалдаумен және тазартумен айналысады.