НҰР-СҰЛТАН, 14 маусым – Sputnik. Қарағанды облысының мал дәрігерлері өңірде сиырдың жаппай қырылуына вакцинаның жоқтығы себеп болғанын айтты, деп хабарлады "Астана" телеарнасы.
Шет ауданында қазірдің өзінде 76 сиыр мен бұзау өлген. Ветеринарлар ауру малдың еті дүкен сөресіне түспеуі үшін Ақшоқы ауылында санитарлық пост орнатылып, өлекселер арнайы пештерде өртеліп жатқанын айтты.
Ауыл тұрғындары ауру малдарда сылбырлық, тәлтіректеп басу, жоғары температура және тәбеттің жоғалуы секілді өте ұқсас симптомдар болатынын айтты. Ауру сиыр мен бұзауды санаулы күнде өлтіреді.
Жергілікті мал дәрігерлері бұл анаэробты инфекция екенін, өйткені малға вакцина салынбағанын мәлімдеді.
Ветеринария басқармасының басшысы вакцинация жоспары Украинадағы жағдайға байланысты орындалмай қалғанын айтты.
"Біз бірден жұқпалы аурудан күдіктенеміз. Неліктен анаэробтар? Өйткені жоспар бойынша бұл ауылда 3 мың бас малға екпе салу керек болсақ, небәрі 25%-ін вакциналадық. Өйткені бізде вакцина болмады. Вакцина Ресейден, Украинада келеді. Жоспарлы екпенің тиісті көлемі жетпей қалды", - дейді Қарағанды облысы ветеринария басқармасының басшысы Қайырбек Тұрсынбеков.
Мамандар аурудың таралуына даладағы құрғақ, ыстық ауа райы ықпал етуі мүмкін екенін айтты. Билік ауыл тұрғындарына келген шығынды өтеуге уәде беріп отыр.
Сонымен қатар ветеринарлар дәрі-дәрмек сатып алу процесін жеделдетуді сұрады. Облыста вирустық диарея мен жұқпалы ауруларға қарсы 350 мың доза вакцина жетіспейді.