Семейде өртеніп жатқан пәтерден екі бала құтқарылды – видео

Балаларына көмектесуге тырысқан 1980 жылғы пәтер иесін күйік шалды, ол ауруханаға жатқызылды
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 14 маусым – Sputnik. Семей қаласында көпқабатты үйден өрт шықты. Құтқарушылар түтінге тұншығып тұрған екі баланы алтыншы қабаттан автосатымен сыртқа шығарды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан ШҚО облыстық төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.
Ресми мәліметке сәйкес, төтенше жағдай Физкультурная көшесінде болған. Алтыншы қабаттағы пәтерде жиһаз бен жеке заттар өртенген. Алдын ала болжамға сәйкес, электр жабдықтарын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптары сақталмаған.
Оқиға орнына барған құтқарушылар жанып жатқан пәтерден 14 және 16 жастағы баланы автосатымен алып шықты. Оларда улану белгілері болғандықтан, медициналық мекемеге жеткізілген. Бұдан бөлек, үйдің 31 тұрғыны, соның ішінде 14 бала қауіпсіз жерге шығарылды.
"Балаларына көмектесуге тырысқан 1980 жылғы пәтер иесін күйік шалып, ауруханаға жатқызылды. Өртті сөндіруге жеке құрамнан 40 адам және 10 техника тартылды", - дейді департамент мамандары.
Құтқарушылар қауіпсіздік шараларын барынша сақтау қажеттігін тағы бір мәрте ескертті. Өрт шыққан жағдайда тыныс алу органдарын дымқыл шүберекпен жауып, түтіндеген орыннан шұғыл шығып кету керек.