Экономика

Инфляция 14%-ке жетті – Ұлттық банк

Ұлттық банк 2022 жылдың соңында инфляция 13-15% деңгейінде болады деп болжайды
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 14 маусым – Sputnik. Қазақстанда жылдық инфляция 14%-ке жетті. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"2022 жылғы мамырда Қазақстандағы инфляция жылдық мәнде биылғы сәуірде 13,2%-тен 14%-ке дейін жылдамдады. Айлық инфляция сәуірдегі 2%-ке және наурыздағы 3,7%-ке қарағанда мамырда 1,4%-ке баяулады. Бірақ әлі де жоғары және өткен жылғы көрсеткіштер мен орташа жылдық мәндерден асып отыр", - деді Пірматов үкімет отырысында.
Айтуынша, жылдық мәнде азық-түлік бағасы 19%-ке өскен. Сыртқы инфляциялық жағдай азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасына жоғары қысым көрсетіп отыр. Олар 11,9%-ке дейін өсті.
Ақылы қызметтер инфляциясы реттелетін қызметтер бағасының өсуіне енгізілген мораторийдің тежеуші әсеріне қарамастан 8,9 проценттен 9,1%-ке дейін жеделдеді.
"Ұлттық банк 2022 жылдың соңында инфляция 13-15% деңгейінде болады деп болжайды. Болжам үкіметтің инфляция деңгейін бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешенін іске асыру барысы ескеріле отырып жасалды. Осы шаралар кешені табысты іске асырылған кезде инфляция болжамның төменгі шегіне дейін төмендеуі мүмкін", - деді Пірматов.
Ұлттық банк тәуекелдердің қазіргі балансын ескеріп, биыл 6 маусымда базалық мөлшерлемені 14% деңгейінде сақтады. Жаңа шоктар болмаған жағдайда базалық мөлшерлеменің қазіргі деңгейін сақтау орта мерзімді перспективада бағаның өсуін тежеуге әсер етеді, деді ұлттық банк төрағасы.