Зейнетақы төлемі қалай тағайындалады

2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіндегі өтілін ескере отырып, әр алушыға жеке тағайындалады
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 13 маусым — Sputnik. 1 маусымдағы жағдай бойынша қазақстандықтарға 1,2 трлн теңгеден астам сомаға зейнетақы төленді, деп хабарлады еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
"2022 жылғы мамырда республикалық бюджеттен зейнетақы төлемдеріне 235,4 млрд теңгеден астам, оның ішінде базалық зейнетақыны төлеуге – 71,3 млрд теңге, ынтымақты зейнетақыны төлеуге – 163,2 млрд теңге бөлінді", - делінген хабарламада.
Бірінші маусымдағы жағдай бойынша зейнеткерлер саны - 2 млн 246 мың адам.
2022 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша зейнетақы төлемдерінің орташа мөлшері (базалық зейнетақы төлемін ескере отырып) 105 189 теңге болды.

Зейнетақы төлеміне әсер ететін факторлар

2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіндегі өтілін ескере отырып, әр алушыға жеке тағайындалады.
Бұл ретте 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ынтымақты жүйеде жұмыс істеген уақыты, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары (бұдан әрі – МЗЖ) төленген кезеңдер зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтіліне қосылады.
"Егер азаматтың зейнетақы жүйесіндегі өтілі 10 жыл немесе одан аз болса, сондай-ақ егер мүлде жоқ болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-ын құрайды, содан кейін 10 жылдан асқан әр жыл үшін оның мөлшері 2%-ға артады. Мысалы, егер сіздің өтіліңіз 20 жыл болса, базалық зейнетақы төменгі күнкөріс деңгейінің 74%-ын, ал 30 жыл болса, онда 94%-ын құрайды. Еңбек өтілі 33 жыл немесе одан көп болса, күнкөріс деңгейінің ең жоғарғы мөлшерінде белгіленеді", - деп түсіндірді министрлік.
Ведомство хабарлауынша, бір ай ішінде міндетті зейнетақы жарналары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына бірнеше рет аударылса, жинақтаушы жүйеге қатысу мерзімі бір айды құрайды.
"Осылайша міндетті зейнетақы жарналары неғұрлым тұрақты және толық көлемде аударылатын болса, зейнет жасына жеткенде базалық зейнетақы төлемдерінің мөлшері соғұрлым көп болады", - дейді министрліктегілер.
Өз кезегінде азаматтың жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтардағы жұмыс өтіліне (кем дегенде 6 ай қажет) және зейнеткерлікке дейінгі кезеңдегі орташа айлық табысына байланысты болады.