НҰР-СҰЛТАН, 13 маусым – Sputnik. Қарағанды облысының әкімдігі Отбасы банкпен бірлесіп, жастарға арналған тұрғын үй бағдарламасын іске қосты.
Бағдарлама жас мұғалімдерге, дәрігерлерге, мейірбикелерге, мәдениет қызметкерлеріне, спортшыларға, жаттықтырушыларға, журналистерге, университет оқытушыларына, ғылыми және әлеуметтік қызметкерлерге арналған.
"Отбасы банк" баспасөз қызметінің ақпаратынша, қазіргі таңда облыста 18-35 жас аралығындағы 68 мыңнан аса азамат өз баспанасына ақша жинап жатыр. Енді оларда пәтер салып алудың қосымша құралы пайда болады.
"Қарағанды облысы жастарға арналған жеке тұрғын үй бағдарламасы іске қосылған еліміздегі үшінші өңір атанды. Облыс әкімдігі осылайша жас мамандарға қолдау көрсетуді жөн көрген. Жаңа жобаны жүзеге асыруға бірінші кезеңде облыс әкімдігі 1 млрд теңге, ал Отбасы банк 500 млн теңге бөліп отыр. Бағдарлама көмегімен биыл баспаналы боламын деген қарағандылықтар қоныс тойын тойлайды", – дейді "Отбасы банк" АҚ Қарағанды облыстық филиалының директоры Бауыржан Жуаспай.
Бағдарламаға қатысуға өтінім қабылдау 13 маусымда басталып, 24 маусым сағат 18:00-де аяқталады. Үміткерлер Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы, 39, "Open Qarağandy" кеңсесіне баруы керек.
Бағдарлама шарттары
Тұрғын үй бағдарламасы бойынша үміткердің жасы 35-тен аспауы керек. Қатысушылардың ресми жұмыс өтілі бір жылдан кем болмауға тиіс.
Үміткердің табысы да ескеріледі. Отбасының әрбір мүшесіне шаққанда 6 ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшерінен аспауы керек (ең төменгі күнкөріс деңгейі – 37 389 теңге). Сондай-ақ, бағдарламаға қатысушы мен оның отбасы мүшелерінің соңғы 5 жыл ішінде жылжымайтын мүлкі болмауы шарт.
Отбасы банк тұрғын үй сатып алуға 20 млн теңгеге дейін қарыз береді. Егер үйдің құны 20 млн теңгеден асса, қалған ақшаны сатып алушы өз қалтасынан төлей алады.
бастапқы жарна – 10%;
несие бойынша сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 5% (ЖТСМ 5,2%);
кредит мерзімі – 19 жылға дейін.
Баспананы үміткер өзі табады. Бағдарлама бойынша пәтерді Қарағандыдағы жаңа немесе қолданыстағы үйлерден, сондай-ақ "Қазақстан тұрғын үй компаниясы" АҚ кепілдігімен салынып жатқан үйлерден сатып алуға болады.
Отбасы банк биыл Қарағанды облысында кеншілер мен металлургтерге жеңілдетілген несие беру жобасы да қолға алынғанын атап өтті. Қаржыны жергілікті билік пен Отбасы банк бөліп отыр.