Оқиға

Петропавлда микроавтобус пен жол талғамайтын көлік соқтығысып, бір адам көз жұмды

Қазіргі уақытта тергеу жүргізіліп жатыр
Sputnik
ПЕТРОПАВЛ, 13 маусым — Sputnik. Петропавлда микроавтобус пен жол талғамайтын көлік соқтығысып, микроавтобус жолаушысы қаза болды. Үш жолаушы ауруханаға түсті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Жол апаты жексенбі, 12 маусымда, шамамен сағат 14:30-да болды. Республикалық маңызы бар Р-49 автожолының 12-ші шақырымында (Петропавл қаласын айналып өту), Жұмысшы кентіне кіреберісте Toyota Alphard және Nissan Patrol автокөліктері соқтығысқан.

"Жол апатынан 71 жастағы Toyota жолаушысы көз жұмды және үш жолаушы қаланың түрлі медициналық мекемелеріне жеткізілді", - деп түсіндірді Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Бұл факт "Көлікті жүргізуші адамдардың жол жүрісі немесе көлікті пайдалану қағидаларын бұзуы салдарынан абайсызда адам өліміне әкеп соғу" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіміне енгізілді. Қазір тергеу жүргізіліп жатыр.
Апатқа кінәлі деп танылған адам бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.