НҰР-СҰЛТАН, 13 маусым – Sputnik. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров жаңадан құрылған үш облыста автокөліктердің цифрлық коды әліпби тәртібінде бөлінетінін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында журналистер министрден жаңа облыстар қандай цифрлық код алатынын сұрады.
"Әліпби тәртібінде 18, 19, 20 нөмірлері болатын шығар. Ақылға қонымдысы осы", - деп жауап берді Қуантыров.
Ол цифрлық кодты бөлу ішкі істер министрлігінің құзырына кіретінін, сол себепті соңғы шешімді солар қабылдайтынын атап өтті.
Болжам бойынша Абай облысы – 18, Жетісу облысы – 19, ал Ұлытау облысы 20 нөмірмен белгіленеді.
Қазақстан өңірлерінде цифрлық кодтар былайша бөлінген:
Нұр-Сұлтан – 01, Алматы – 02, Ақмола облысы – 03, Ақтөбе облысы– 04, Алматы облысы – 05, Атырау облысы – 06, Батыс Қазақстан облысы– 07, Жамбыл облысы – 08, Қарағанды облысы – 09, Қостанай облысы– 10, Қызылорда облысы – 11, Маңғыстау облысы – 12, Түркістан облысы – 13, Павлодар облысы – 14, Солтүстік Қазақстан облысы – 15, Шығыс Қазақстан облысы – 16, Шымкент – 17.