НҰР-СҰЛТАН, 13 маусым – Sputnik. Алматыда із-түзсіз жоғалған қыз Көкшетау қаласынан табылды. Полицейлер оны бір ай бойы іздеген, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Ресми мәліметке сәйкес, 12 мамырда Түрксіб аудандық полиция басқармасына 17 жастағы қыздың жоғалғаны туралы хабар түскен. Тәртіп сақшылары оны қала аумағынан іздеген. Сондай-ақ, республика бойынша барлық полицейге суреті мен деректері таратылды.
"8 маусымда Көкшетау қаласының полицейлері жоғалған адамға ұқсас қызды көріп, жеке құжатын тексерген. Ол Ақмола облысының орталығында жігітімен бірге жүрген", - дейді тәртіп сақшылары.
Қалалық полиция басқармасы бірден Алматыға хабарласып, ата-анасына айтқан. Жауап алу кезінде қыз бен жігіт Көкшетауға әдейі қашып кеткенін айтты.
Екеуі үйден алыс жерге кетуге тырысқан. Кәмелет жасқа толмаған қыз туыстарына тапсырылды.