Алматы облысы республикалық бюджеттің донорына айналуы мүмкін – министр

Бүгінгі таңда төрт өңір – Атырау және Маңғыстау облыстары, Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары республикалық бюджеттің доноры
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 13 маусым – Sputnik. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров жаңадан құрылатын облыстардың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне тоқталды.
Министрдің айтуынша, болашақта Алматы облысы дотациялық өңірден донор облысқа айналуы мүмкін, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Қазір қайта ұйымдастырылатын үш өңір бұған дейін дотациялық облыс болған. Олардың құрамынан жаңа облыстар бөлініп шыққан соң, олар аяқ астынан донор бола салмайды. Сол себепті, біздің болжам бойынша, осы өңірлер "дотациялық" облыс болып қалады. Бірақ Алматы облысы болашақта республикалық бюджеттің донорына айналуы мүмкін. Оның бұған потенциалы бар", - деді Қуантыров орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Айтуынша, бүгінгі таңда төрт өңір – Атырау және Маңғыстау облыстары, Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары республикалық бюджеттің доноры, ал қалған өңірлер – дотациялық.
Осы жылдың қорытындысы бойынша Абай облысы бойынша жалпы өңірлік өнімнің (ЖӨӨ) көлемі 2 трлн теңгеге дейін, Жетісу облысы – 1,1 трлн теңгеге дейін, Ұлытау облысында 1,3 трлн теңгеге дейін ұлғаяды деп күтілуде.
Биыл Абай облысында жан басына шаққандағы ЖӨӨ 3,1 млн теңге, Жетісу облысында 1,6 млн теңге, Ұлытау облысында 5,5 млн теңге шамасында болжанып отыр.
Қуантыров жаңа облыс орталықтарын дамыту мақсатында қажет болған жағдайда Семей, Жезқазған, және Қонаев қалаларын әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспарлары әзірленіп, өзектендірілетінін атап өтті.
Өңірлер
Алматы облысының жаңа әкімі Сұлтанғазиевтің ағасы қызметінен кетті