Қызылорда облысында Алтынасар қалашығы қалпына келтіріліп жатыр

Sputnik
АЛМАТЫ, 12 маусым – Sputnik. Қызылорда облысында Жетіасар мәдениетіне жататын Алтынасар қалашығын қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлады "Хабар 24" арнасы.
Археологиялық зерттеулерге сүйенсек, Алтынасар қалашығының мың жарым жылдық тарихы бар. 17 гектар аумақты алған қалашық үлкен үй, кіші үй, керуенсарай және қамалдан тұрған. Қазірдің өзінде 4 нысанның орны сақталып қалған. Алтынасар қаласы бірнеше қабаттан тұрған. Ғалымдар биіктігі 30 метрге жуықтаған деп болжайды.
"Жетіасар ескерткіштері – бұл әлемдік деңгейдегі ескерткіш. Мысалы, Ботай мәдениетінде жылқы малы қолға үйретілгенін бүкіл әлем мойындап отыр. Сол секілді біз Жетіасар ескерткіштерімен де мақтана аламыз. Жетіасар мәдениетінен табылған көне қоссаз аспабы туралы білеміз. Домбыраның ең ататегі деп айтылып жүр ғой. Сол домбыра осы мәдениеттен табылған", – дейді облыстық Рухани жаңғыру орталығының маманы Бауыржан Әлібай.
4-5 ғасырларда бұл жермен өзен ағып өткен, Алтынасарда мыңдаған тұрғын болған, олар егіншілікпен айналысқан. Құм астында талай тарихи құнды деректер жасырынып жатыр. Оны жоғалтып алмау үшін соңғы үш жыл қатарынан Алтынасар ескерткіштерін қорғау шаралары қолға алынған.
"Қазіргі уақытта ескерткіштердің, қамалдардың қорған қабырғалары үгітіліп, құлап қалып жатыр. Ол жергілікті жердегі ауа райына байланысты 1-2 жылда тез езіліп кетеді. Осы жағдайдыңалдын алу үшін қорған қабырғаларының жандарына жаңадан қабырға өріліп, олардың құлаған жерлері бітеліп, сақтау шаралары жүргізіліп жатыр", - деді археология және этнография ғылыми-зерттеу орталығының қызметкері Жетесби Сұлтанжанов.
Айтуынша, Сыр бойында Жетіасар мәдениетіне жататын 60-қа жуық ескерткіш бар. Олардың кейбірі уақыт өткен сайын жауын-шашын салдарынан бұзылып жатыр. Сондықтан арнайы жоспар құрылып, кезең-кезеңімен қалпына келтіру және сақтау шаралары қолға алынған.