АЛМАТЫ, 11 маусым – Sputnik. Қостанайда тұрақта өртенген көліктерге қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлады Қостанай облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
"Қостанай қаласы "Береке" ауданында көліктердің өртенуіне қатысты полиция Қылмыстық Кодекстің 202-бабы 2-бөлігі, яғни "бөтен мүлікті қасақана жою немесе бүлдіру" бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады", – делінген ведомство хабарламасында.
Кеше, 10 маусым күні, Қостанайда "Береке" ауданында 52 және 53 үйлер арасындағы көлік тұрағынан өрт шықты. Оқиға түнгі сағат 03:44-те болған. Өрт сөндірушілер оқиға орнына 03:54-те келіп, өртке оранған Hyundai Elantra маркалы автокөліктегі жалынды сөндірген. От жақын маңдағы ГАЗ-21 машинасына тез тарады.
Өрт төрт шаршы метрге жайылып, төрт көлік зақымданды.
Қазіргі таңда жедел-тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.