Қоғам

Қайрат Сатыбалды мен Қайрат Боранбаевты қамауда ұстау мерзімі ұзартылды

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 10 маусым – Sputnik. Нұр-Сұлтан қаласы мамандандырылған ауданаралық тергеу соты Қайрат Боранбаевты, Қайрат Сатыбалды мен оның бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалдыны қамауда ұстау мерзімін созды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Қайрат Боранбаев пен Қайрат Сатыбалдыға қатысты шешім 8 маусымда шығарылды. Ал Гүлмира Сатыбалдыны қамауда ұстау мерзімі 7 маусымда ұзартылды.
"Нұр-Сұлтан қаласы мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдікті Қ.С.Боранбаевқа қатысты қамауда ұстау түріндегі санкцияланған бұлтартпау шарасының мерзімін бір айға ұзартты", - деп мәлімдеді елордалық соттың баспасөз қызметі.
Қайрат Сатыбалды мен оның бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалды да тағы бір ай қамауда отырады.
Назарбаев заң бұзған туыстары туралы айтты
Еске салсақ, биыл 13 наурызда сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қайрат Сатыбалдының ұсталғанын хабарлады. Ол "Қазақтелеком" АҚ-ның қаражатын аса ірі көлемде жымқырды деген күдікке ілінген. Сондай-ақ мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.
Қайрат Сатыбалды – тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі.
Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалды да қамауға алынды. Ол Универсиада-2017 нысандарын жөндеуге бөлінген ақшаны ұрлады деп айыпталып жатыр.
Ал Қайрат Боранбаев биыл 17 наурызда қамауға алынды. Ол квазимемлекеттік секторда аса ірі көлемде қаражат жымқырды деген күдікке ілінді.
Боранбаев – ірі кәсіпкер, ол Қазақстандағы, Беларусьтегі және Ресейдің бірнеше өңіріндегі McDonald's жылдам тамақтану желісінің және тағы басқа ірі компаниялардың иесі. Оның қызы Әлима 2020 жылы жазда Нұрсұлтан Назарбаевтың қайтыс болған жиені Айсұлтанға тұрмысқа шыққан.