АЛМАТЫ, 10 маусым – Sputnik. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі ашық деректер порталында жарияланған табиғи жолмен өлген киік дериваттарын жинау жөніндегі бұйрық жобасын кері қайтарып алды. Бұл туралы ведоство өзінің Telegram-да жазды.
Комитет жануарлар дүниесін мемлекеттік қорғауды ұйымдастыру бойынша қабылданған шаралардың арқасында киіктердің жыл сайын орта есеппен 40%-ке көбеюі байқалатынын хабарлады.
2017 жылғы есеп бойынша киік басы 152 мың болса, 2022 жылы олардың саны 1,3 млнға жетті. Дегенмен бұл жануарлардың республика бойынша оңтайлы саны 560-770 мың болуы керек.
Әсіресе Батыс Қазақстан облысына ерекше назар аудару қажет. Онда киіктердің саны – 801 мың бас. Бұл өңірде жайылымдар мен суаттар үшін ауыл шаруашылығы жануарларымен киіктердің бәсекелестігі арта түскен. Сонымен қатар киіктер Батыс Қазақстан, Ақмола және Қарағанды облыстарында егістіктерге де зиян келтіруде. Қазіргі кезде 2015 жылғы пастереллёз індетінің қайталану қаупі бар.
Сол жылы 150 мың киік (бүкіл популяцияның 80%) қырылып қалған еді.
"Қазіргі уақытта киіктердің санын басқару мақсатында, ғылыми биологиялық негіздеме әзірленуде. Оның қорытындысы бойынша киіктердің санын реттеу мәселесі бойынша шешім қабылданады. ҚР ЭГТРМ орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті НҚА (нормативтік құқықтық актілер) ашық деректер порталында киіктің дериватын жинауға бұйрық жобасын жариялады. Аталмыш бұйрық жобасы табиғи өліммен өлген киіктердің дериваттарын жинауға бағытталған", – делінген хабарламада.
Комитет бұйрықтың бұл жобасын пысықтау үшін Ашық НҚА-дан қайтарып алды.